Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қолы жеңіл, білікті хирург еді...

Денсаулығымыз нашарлап, жан алқымға келгенде Жаратқанға жалбарынамыз. Содан кейін жан дәрмен дертімізге дауа табар деп дәрігердің алдына келіп, қу жанымызды ақ халатты абзал жандарға аманаттаймыз.

Адам тағдыры қолдарына табысталған соң олар тікесінен тік тұрып қызмет етіп, науқастың дертіне шипа табуға жұмыстанады. Иә, ажалмен күресуде өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтындар жетерлік. Бірақ, ажал адам таңдаған ба? Алдарына шипа іздеп келген жандарға көмегін аямаған дәрігердің өзі дүниеден ерте кетеді деп кім ойлаған. Жақында, алдына келген талай науқастың дертіне шипа ақ халатты абзал жаннан тапқан қапияда көз жазып қалдық.

Нақтырақ айтқанда, ұзақ жыл медицина саласында еңбек еткен білікті дәрігер Досжанов Серік Әбуұлы 15 шілде күні бұл өмірмен қоштасты. Негізінен қызылқоғалықтар дәрігер-хирург Серік Досжановты жақсы біледі. Тасшағыл ауылында 1955 жылы дүниеге келген Серік Әбуұлы болашақта дәрігер болуды армандап, орта мектепті бітірген соң Ақтөбе медициналық институтына барады. Ойлаған арманы орындалып, аталмыш оқу орнын хирургия мамандығы бойынша 1978 жылы қызыл дипломмен тәмамдап, еңбек жолын Қызылқоға аудандық орталық ауруханасында дәрігер-хирург болып бастады.

Сол кезде білікті дәрігер Бағыт Көбенов басқаратын ұжымда аудан халқына жақсы таныс тәжірибелі хирург Тайпақ Қарабалин еңбек ететін. Институтты бітіріп, ұжымға жаңа келген жас маманның тәжірибелі хирургтен үйренері көп болды. Екеуі бірге алдарына келген талай науқастарға күрделі ота жасап, дертіне шипа болды.

Қазіргідей медицинаның мықты дамымаған уақытында және тар да ескілеу ғимаратта ерінбей еңбектеніп, қолдан келгеннің барлығын жасады. Қашанда жаңалыққа жаны құмар, ізденіспен жүретін жас маман аудандық ауруханада бұған дейін жасалмаған оталарды жасады. «Дәрігердің бір ғана жылы сөзі науқас жанына демеу болады» демекші Серік Досжанов та ота жасар алдында қорқақсоқтап науқастардан жылы сөзін аямай, көңілдерін бірлендіретін. Ал, отадан кейін де оларға «Қапаланба, әлі-ақ аяғыңнан тік тұрып кетесің» деген сөздермен оларға демеу болатын. Антына адал дәрігер 1985 жылы бас дәрігердің бірінші орынбасары, ал бір жылдан соң аудандық орталық аурухананың бас дәрігері лауазымына тағайындалады. Өзіне сеніп тапсырылған басшылық қызметті 1994 жылға дейін абыроймен атқарып, отбасы жағдайымен Атырау қаласына қоныс аударады.

Бірақ осы жылдар ішінде басшымын деп бұйрық беріп отырмай, науқастардың жанынан табылып, оларға өзі де ота жасады.

Бұл туралы зейнеткер медбике Айжан Тілепиева:

– Серік Әбуұлының өз ісінің білгірі, антына адал, өте жақсы маман екенін қасында 16 жыл бірге қызмет жасағанда анық байқадым. Жұмысына қалтқысыз берілген ол уақытпен санаспайтын. Күн демей, түн демей аурулардың жанынан табылатын. Жылы сөзімен-ақ мазасызданған науқастарды тыныштандырады. Әріптесі Рахметолла екеуі түрлі кеселдерге ота жасады. Босануы қиын аяғы ауыр әйелдерге кесарь тілігі, көтеу (гемаррой) ауруына жасаған оталары сәтті шығатын. Тіпті бауырға да ота жасаған кездері болды. Ол кезде бұл ауруларға ауданда ота жасалмайтын. Ал, соқыршектерді алып тастау ол үшін әдеттегі жағдай еді. Әттең, бейнетінің зейнетін көрер шағында өмірден өткені өкінішті-ақ, - деп еске алады.

Білікті дәрігер қашанда керек. Атырауға барған соң әуелі «АМӨЗ» АҚ-на дәрігер-терапевт қызметіне қабылданып, кейіннен облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері лауазымына тағайындалды. Бұдан кейін Атырау қалалық №2 аурухананың бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, қалалық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы, апат медициналық орталық директорының орынбасары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Атырау облысы бойынша арнайы тексеруден өту департаменті директорының орынбасары, «Апаттар медицинасының темір жол госпитальдары" АҚ филиалы Атырау темір жол ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметінде болса, 2014 жылдан 2019 жылға дейін аталмыш мекеменің директоры лауазымын атқарды.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін «ДостарМедПрестиж» клиникасында бас менеджер болып еңбек етті. Өз ісіне ұқыптылығы мен адалдығының арқасында Серік Әбуұлы әріптестері арасында үлкен бедел иесі атанған абы¬ройлы жан болды. Ол көп жылдық тәжі¬рибесін жас мамандарға үйре¬туден әсте жалыққан да емес. Қай облыста еңбек етсе де, сол ұжым қызметкерлерінің ақылшысы, қамқоршысы болып, өз білгенін өзгелерге ұғындыра білген. «Жақсымын деп мақтанба, халық айтпай, батырмын деп баптанба, жауға шаппай» демекші халық денсаулығын қорғау бағытында атқарған қалтқысыз қызметі үшін ел алдында еңбегі еленіп, «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медалімен, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, «ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетіне 20 жыл» мерекелік медалімен, «Үздік адамдар» энциклопедиясының батыры құрмет белгісімен және басқа да көптеген Құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен марапатталды. Отбасылық өмірде де өнегелі жан болған Серік Досжанов жан жары Маржан екеуі өмірге Абзал есімді ұл мен Әсел есімді қыз әкеліп, олардан өрбіген немере-жиендерінің қызығын көріп отырған еді.

Алайда, оның көріп отырған қызығын көп көрген сұм ажал мезгілсіз уақытта келіп, бір әулеттің алып бәйтерегін, бауырларының қамқоршысын, ағайын-туыстың ақылшысын арамыздан алып кетті. Төте келген ажалға ешкімнің қарсы тұра алмасы анық. Сондықтан облысқа танымал білікті хирург Серік Әбуұлының отбасына, бауырлары мен ағайындарының қайғыларына ортақтасып, жатқан жерің жайлы, топырағың торқа, жаның жәннәтта болсын деп жерлестері атынан көңіл айтамыз. Оның бейнесі жадымызда мәңгі сақталары анық.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT