Аудан орталығындағы «Арман» мәдениет үйіндегі кездесуге басым көпшілігі ауыл қарттары жиналды.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов ашып, сөз кезегін бас имамға берді.
– Менің Атырау облысына бас имам болып орналасқаныма бір ай уақыт болды. Бұған дейін, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасында еңбек етіп келдім. Алматы қаласындағы Нұр-Мүбәрәк ислам университетінде кейін, Мысыр еліндегі «Әл-Азһар» университетінде білім алдым. Қазір құдайға шүкір елімізде, облысымызда мешіттер саны көбейіп, күн санап артып жатыр. Бірақ, бізде қазір дін мамандары тапшы. Алланың үйіндегі жамағатқа ие болып, бір реттікке салып отыратын имамдар біздің өңірге керек-ақ. Себебі, біздің мемлекетіміз зайырлы ел болғандықтан дін мамандарына айлық, үй-жай мәселелері қарастырылмаған. Сондықтан, қазір ауылдық жерлерде имамдарға тұрақты айлық беру мәселесі шешілмей жатыр. Бүгінгі күнде арнайы құрылған қор арқылы бой көтеріп жатқан Жамбыл мен Көздіғара ауылдық округтеріндегі мешіттерде мен айтқандай қиындықтарды бірден шешіп қойған екен. Ол жерлерде мешітпен бірге имамдардың үйлері салынып, жалақысы да қарастырылып қойған. Бұл қуантарлық жағдай, - деді ол.
Шара барысында, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Карин бас имамға алғысын айтып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Нұрәділ ЕЛАМАН