Жасқайрат ауылындағы «Шалқыма» мәдениет үйінің халық игілігіне пайдалануға берілгеніне биыл 42 жыл болады.
Мәдениет үйінің ұжымы кезінде облыстық, аудандық мәдениет үйлерінің алдыңғы қатарында жұмыс жасады деп айта аламын. Өйткені, ауыл жастары қолдары қалт еткенде мәдениет үйіне жиналып, демалыстарын жақсы өткізетін. Мәдениет үйі жанындағы үйірмелерге қатысып, қыр төсінде мал бағып отырған шопандарға барып, концерт қоятын. 1980-1990 жылдары «Шалқыма» мәдениет үйінде облыстық, аудандық шаралар жиі өткізілді. Қазір ғимараттың сырты бүтін болғанымен, іші түтін. Өйткені, екі мыңыншы жылдардың басында мәдениет үйі шатырының тозығы жетуіне байланысты төбеден су ағып, ішін бүлдірді. Мәдениет үйінің екінші қабатында кітапхана залы, ауыл өмірі, еңбек адамдары туралы мұражай, биллярд залы болатын. Төбеден аққан тамшының кесірінен бәрі жабылды. Кітаптар суға кетіп, едендер ортасына түсті. Терезелер бүлініп, электр, жылу жүйелері жарамсыз жағдайда болды.
Кітапхана басқа жерге көшірілді. Сонда да мәдениет үйінің жұмысы тоқтаған жоқ. Жоқтан бар жасап дегендей жыл сайын жеңіл жөндеулер өткізіліп, әктеп, сырланып тұрды. Әлі де солай. 2009 жылы мәдениет үйінің шатыры ауыстырылып, жаңаланғанымен жылу жүйелері әбден тозған, іші өте салқын, залдағы орындықтардың тозығы жеткен, сахна көмескі тартып тұрады. Талапқа сай болмаған соң да қазіргі кезде жұмыстар баяулап жүр. Қанша жерден музыкалық аспаптарды жаңалап, ұлттық киімдер алынғанымен жөндеу жүргізілмегендіктен жасалған жүмыс дұрыс көрінбейді. Аудандағы басқа да мәдениет ошақтары түгелдей жаңа заман талабына сай жөнделгенімен «Шалқыма» мәдениет үйіне әлі күнге дейін күрделі жөндеу жүргізілген жоқ. Талай жиындарда айтылып, уәде берілгенімен құжаттары дайын емес немесе қаржы бөлінбей қалды және басқа да себептермен күрделі жөндеу жүргізу кейінге қалып келеді.
Жақында өткен Ойыл округ әкімінің есеп беру жиынында аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев: «Округ әкімінің көтеріп жүрген мәселесінің бірі – «Шалқыма» мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу. Бұл орайда, мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, сараптамадан өтті. Енді «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен қаржы сұратып, жұмысымызды жалғастырамыз» деген еді. Жағымды жаңалықты естіп ауыл тұрғындары бір көтеріліп қалды. Қазір көрермендердің талаптары жоғары. Ал, мәдениет үйі заман талабына сай күрделі жөндеуден өткізілсе, ауыл тұрғындарының, жастардың демалыс орнына айналар еді. Көбіне ауылдағы талант иелерінің тасада қалатынын ескерсек, бұл осы мәселені шешуде маңызды рөл атқарады. Сондықтан, мәдениет үйі дұрыс жұмыс жасау үшін оның материалдық-техникалық базасының талапқа сай болып, ғимараты жарқырап тұруы керек.
Ұлмекен БЕРДІҒАЛИЕВА,
мәдениет саласының ардагері,
Жасқайрат ауылы