Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Мамандықтың жаманы жоқ...

Президентіміз биылғы жылды «Жұмысшы мамандық-тар жылы» деп жариялағаны баршасына мәлім. Соған сәйкес, әртүрлі шаралар мен жұмысшы мамандықтың озаттарын ұлығылау немесе династияны баспасөз бетінде жұртшылыққа таныстыру бағытында  материалдар жариялануда. Ал, ол тек бір жылдық шара болып қалмауы керек. 

Осы орайда өткенді еске алып, салыстырмалы түрде пайымдап, қорытындыға келсек артық болмас. Мамандық таңдау әркімнің жүрек қалауына және қабілетіне, талантына (дарын) байланысты. Мектеп бітірер сәтте дұрыс таңдау мен шешім қабылдаса, «кетігін тауып қаланатынына» күмәнданбауға болады. Қазіргі кезде орта мектепті бітіргендердің 90%-ы әрқилы оқу орындарына түсіп студент атанады. Әрине, қалауымен түсіп жатқандары бар, «диплом алсам» деп конкурсы аз оқу орындарына түскендері де бар. 

Кеңес Одағы кезінде мектеп бітірушілердің жоғары оқу орындарына шамамен 30%-ы құжат тапсырып, білімін дәлелдеп түсуші еді. Әрине, оқу тегін болды. Мамандығы бойынша сұранысты жерлерге жұмысқа орналасуға жолдама берілетін. Ол кезде әр бесжылдықтың қорытындысы бойынша озат деп танылған әр мамандықтың майталмандары тиісінше марапатталушы еді. Көбінесе жұмысшы мамандық иелері осындай құрметке ие болды. Сөзіміз дәлелді болуы үшін солардың бірнешеуінің есімдерін атасақ, артық болмас.

Күрішші Ыбырай Жақаев. Еңбек озаты, рекордшы жөнінде классик жазушы Сәбит Мұқанов бір айдай сол ауылда болып «Сырдария» романын жазған. Немесе тарышы Шығанақ Берсиев жөнінде тағы бір классик жазушы Ғабиден Мұстафин «Шығанақ» романын жазды. Оған қоса еңбек озаттары жөнінде «Миллионер», «Қарағанды» романдарын жазды. «К-700» тракторының жүргізушілері болған Кәмшат Дөненбаева, Наталья Геллерт сияқты механизатор әйелдерді кім білмейді?! Әйгілі шопан Жазылбек Қуанышбаев, өзіміздің ауданнан Мүсілім Нұрмұханов ерен еңбектерінің арқасында «Социалистік Еңбек Ері» атанды.

  Кеңшарларда өзінің машина, трактор жөндеу шеберханалары болды. Онда слесарь, токарь, дәнекерлеуші, т.б. мамандықтың иелері еңбек етті. Өткен ғасырдың  50-ші жылдарының басында сол кездегі аудан орталығы Новобогатта машина-трактор жөндеу стансасы салынды. Жоғарыда айтылған техникаға қажетті шеберлер, мамандық иелері жұмыс жасаған. Сөз ретінде, сонда озат токарь болып еңбек еткен Нағима Әбілова деген қыз болған. 1960-жылдардың басында аптасына 4 рет шығатын республикалық «Лениншіл жас» газетінде «Нағима, Жанұзақ және махаббат» деген мақала шықты. Өкінішке қарай, мақала авторын ойға түсіре алмадым. Газет бетінде осы мақалаға байланысты пікірталас жарты жылға созылды. Кейіннен екі жас үйленіп, комсомолдық той өткені есте. Нағима өмірден жастау кезінде өтті. Ал, Жанұзақ аға бар, Сарайшықта тұрады. 

Жұмысшы мамандық, әсіресе сантехник, электрик, ағаш ұстасы, еден жуушы сияқты мамандық иелерінің жалақысы төмен, еңбектері еленбей қалатындығы да жасырын емес. Бұл мамандық иелеріне де назар аудару жөнінде ұсыныстар айтылып жүр. Осы жерде бір мысалды (газеттен оқыған) келтіре кетейін. 

... И.Сталин көбінесе Кремльде түн ортасына дейін жұмыс орнында болады екен. Бір күні дәлізде, еден жуып, қабырғаларды сүртіп жүрген әйелді көреді. Дәлізде көсем әйелдің қасына келіп: – Осында қазір біз жұмыс істеп жатқан сияқтымыз,- дейді. Көсемнің бұл сөзі оған күш береді. Тағы  кездеседі де, өзінің жеке хатшысы А.Поскрёбышевке «Осы әйелге екінші дәрежелі Сталиндік сыйлықты берсек, қалай болар екен?»,-деп ой салады. Ол сол кездегі ақша бойынша 50 мың рубль (мол қаражат) болатын. Ақылдаса келе, осындай мол қаражатты (сыйлықты) еден жуушы әйелге табыс етеді. Қарапайым еңбекті бағалау, құрметтеудің көрінісі. Ынталандыру да, марапаттау да керек. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Айтпағым, өз мамандығыңды сүйе біл!  

 

Ибатолла СӘТЕНҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Х.Ерғалиев ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT