Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, еліміздің қылмыстық кодексіне 2019 жылғы 27 желтоқсандағы заңымен, қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, біраз қылмыстар үшін жаза күшейтілген болатын. Солардың қатарында мал ұрлығы қылмысы да бар. Соңғы кездері мал ұрлығының көбейіп бара жатырғанына тосқауыл қою мақсатында қылмыстық кодекске «мал ұрлау» деп аталатын жаңадан 188-1 бап енгізіліп, мал ұрлығы – ауыр қылмыстар санатына жатқызылып, мал ұрлығына қатысты жаза күшейтілген болатын.
Төрт бөліктен тұратын жоғарыда атлған 188-1-баптың бірінші бөлігінде, мал ұрлап, яғни бөтеннің малын жасырын жымқырғандардың мүлкі тәркіленіп,үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мерзімде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатындығы көрсетілген. Ал, егер мал ұрлығы алдын-ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен ірі мөлшерде жасалса, мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Сондай-ақ, 188-1-баптың 3-бөлігінде тұрғын-үй жайдың, мал қораның немесе өзге де қойманың ауласына бірнеше рет кірумен мал ұрлағандар – мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырлады. Ал, Қылмыстық топ арқылы аса ірі көлемде мал ұрлағандардың мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырып, темір торға тоғытылады. Осы орайда, үстіміздегі жылы аудандық сотта мал ұрлығына қатысты – Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы 3-бөлігінің 2) тармағымен азамат Р.К.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сот отырысында сотталушы Р.К. алкоголь өнімін пайдаланған күйде, бөтеннің малын, мал қораға жасырын кірумен жәбірленуші С.Д.-ның ешкі малын ұрлаған. Нәтижесінде жәбірленушіге жалпы құны 10 000 теңге материалдық шығын келтірілген. Басты сот талқылауында сотталушы Р.К. өзінің кінәсін толық мойындап, істеген іс-әрекетіне өкінетіндігін айтты. Жәбірленуші де оған талабының жоқтығын, шығынның орны толықтырылғанын көрсетіп жеңіл жаза беруді сұрады. Сотталушы Р.К.-ның қылмыстық іс-әрекеті 188-1-бабы 3-бөлігінің 2) тармағымен сараланды.
Осы баптың санкциясында тек бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Басқа балама жазалар қарастырылмаған. Бұл жағдайда сот, сотталушыға оның қылмысын жеңілдететін мән-жайларды ескеріп, жазаның ең төменгі мөлшері – 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын қолданып, тағайындалған жазаны ҚК-нің 63-бабын қолдана отырып,шартты деп белгіледі. Демек сотталушы темір торға қамалмай, жазасын аяқтай шартты түрде өтей жүріп, оған өз қателігін түсінуге мол мүмкіндік берілді. Шартты сотталған Р.К-ның мінез-құлқын бақылау оның тұрғылықты жері бойынша орналасқан пробациялық қызметке жүктелді. Сот үкімі заңды күшіне енді.
Негізінен мал ұрлығы қылмысымен күресудің бірден-бір жолы, бұл мал иелерінің өздері сақтық шараларын күшейтіп, малдарын қараусыз жібермеуі қажет. Сондай-ақ мал иелерінің өздері жоғалған малдарын жедел түрде құқық қорғау органдарына хабарламай, әуелі өздері іздестіріп жүріп, уақыт өткізіп алып жататын жағдайлар сот тәжірибесінде кездесіп жатады. Сондықтан, мал ұрлығы өршімес үшін, ауыл тұрғындары да салғырттық танытпай, ұзақ уақыт малдарын қараусыз қалдырмай, олардың дер кезінде сырғаланып, ен-таңба салынып, есепке қойылуын қадағалаған жөн деп есептеймін.
Айдын БАЙНАЗАРОВ,
Қызылқоға аудандық сотының төрағасы