Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Махамбет Досмұхамбетов: Төл тарихымыздың ақтаңдақтарын келер ұрпаққа жеткізе білуіміз керек

«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия отырысы болып өтті»,- деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Жиынға төрағалық еткен аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов комиссия отырысының маңыздылығына тоқталды.

«Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік Комиссия құрылып, арнайы жоспар бойынша жұмыстар ұйымдастырылуда. Одан бөлек аталған жұмыстарды үйлестіруге бағытталған жұмыс топтары да қызмет етуде. Мұның артында төл тарихымыз бен адам тағдыры тұрғаны белгілі. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бағытында мемлекет басшысымен берілген зор мүмкіндіктің де маңыздылығы осында»,-деді М.Досмұхамбетов.

Отырыста философия ғылымдарының докторы, профессор Өмірбек Бекежан дін өкілдеріне қатысты болған қуғын-сүргін жағдайын баяндады. Оның айтуынша, облыс өңірінде қуғындалғандардың жалпы саны 100-дің үстінде, сотсыз атылғандар 10 адам шамасында.

«Жалпы қуғындалған діни қызметкерлер саны мәселесіне келсек, Атырау облысында төңкеріске дейін 100-ге жуық мешіт болған деп болжаймыз. Онда 2 мыңға жуық бала білім алған. Кейін, 1930 жылдары сол мешіттердің 80 пайыздан астамы арнаулы қаулымен жабылып, бұзылған. Тек қазіргі Қызылқоға ауданында 10-нан аса, Жылыой ауданында 30-дан аса мешіт болды. Ал, сол мешіттерде қызмет атқарған дін өкілдерінің бәрі дерлік әртүрлі қуғындалуға ұшыраған. Олардың нақты қандай жазаға тартылғаны жөнінде жұмыстар жүргізу алдағы уақыттың еншісі деп ойлаймыз және жұмыстар жүргізілуде»,-деді Ө.Бекежан. Ал, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Жұмазия Жұмабаева зерттеудегі кейбір қиындықтарға тоқталды. «Жазықсыз құрбан болған ата-бабаларымызды ақтап, ұрпақтық борышымызды орындауға күш саламыз. Бұл республикалық деңгейде тұжырымдалған қорытындылар болғанына қарамастан, Гурьев округіндегі жағдайларды, олардың ерекшеліктерін, ақиқатын айқындауға маңыз береміз. Алайда, туындап тұрған мәселелер де аз емес. Айталық, 20-30 жылдарда 4-5 рет болған әкімшілік-территориялық бөліністер салдарынан архив құжаттарының алыс-берісі көршілес Орал, Маңғыстау, Ақтөбе облыстық архивтеріне ауысуы мүмкін. Мұнда ғылыми жұмыс сапарының мәселесі туындайды»,-деген ғалым, жұмысты тежеп тұрған факторларға көңіл аударды.

Оның айтуынша, Гурьев округінде көшпелі қазақ мал шаруашылығымен айналысатын аудандарда іс қағаздары араб және латын графикасымен жазылуы – зерттеуге кедергі келтіруде.

«Сонымен қатар, осыдан 100 жыл бұрын қағаз тапшылығы салдарынан кездейсоқ жұқа қағаздарға, газет қиындыларына жазылған ақпарларды қайта теріп, цифрландырмайынша, оларды сақтау және ғылыми айналымға түсіру мүмкіндігі азая берері хақ»,-деді ол.

Сонымен қатар, тарих ғылымдарының докторы Лесқали Бердіғожин алда тұрған жұмыс жоспарлары мен ұсыныстарын айтты.

«Полиция, ҰҚК, прокуратура органдарындағы құпия құжаттарды мейлінше толық зерттеу және адамдардың аты-жөндері көп жағдайда қайталанғандықтан, мұқият сараптан өткізу қажет. Атырау өңірінің 1920-30 жылдардағы территориялық құрылымына сай, Орал және Ақтөбе облыстарындағы архив қорларын пайдалану керек. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия жұмысын Білім және ғылым министрлігіне қадағалауға берілуі өте құптарлық жәйт. Атырау облысы аудандарында да тарихшы мұғалімдерден құрылған жұмыс топтары қызмет істей бастады. Оларға арнайы ғалымдар тобы жетекшілік етеді. Қазірде Мақат, Жылой, Индер аудандары бойынша көтерілісшілер жасырынған орындар, түрме орындары, жазаланған адамдар есімдері анықталуда. Қазақстанның әр аймағындағы ғалымдармен, комиссия мүшелерімен пікір және ақпарат алмасып отырмыз»,-деді ол.

Жиын соңында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов жауапты тұлғаларға айтылған ұсыныс-пікірлердің ескерілу қажеттігін баса айтты.

«Жыл ішінде мемлекеттік комиссия төрағасымен көптеген тапсырмалар берілді. Біздің алдымызда сол тапсырмаларды сапалы және мерзімінде орындау міндеттері тұр. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жауапты іс. Сонымен қатар, тарихи құндылықтарымызды жаңғырту – ұрпақ үшін аса қажет. Төл тарихымыздың ақтаңдақтарын жас буын, келер ұрпаққа жеткізе білуміз керек»,-деді М.Досмұхамбетов. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, ғалымдар, селектолық режимде аудан әкімдері қатысты.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT