Сағыз ауылындағы «Шұғыла» мәдениет үйі ғимаратының пайдалануға берілгеніне биыл 40 жыл болып отыр.
Жасыратыны жоқ тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайына көңіл бөлініп, мәдениет саласы елеусіз қалды. Жекешелендіру кезінде көптеген әлеуметтік нысандармен бірге мәдениет үйлері де сатылып кетті. Отын тапшылығынан қыс мезгілінде ғимаратты жылыту қиын болды. Қаражаттың жетіспеуінен көптеген жерлерде мәдени ошақтар жабылды. Қазір олардың барлығы артта қалып, мәдениет саласы да жаңарған елімізбен бірге жаңарып, дамып келеді.
Мәдениет үйінің жылу жүйесі газге қосылып, 2013 жылы толықтай күрделі жөндеуден өтті. Көрермендер залына жаңадан орындықтар орнатылып, қажетті жиһаздар, оргтехникалар, музыкалық аспаптар, ұлттық киімдер алынды. Аудан көлемінде өтетін түрлі байқауларға қатысып, елді мекендерді, малшы қосындарын аралау үшін мәдени-үгіт бригадасына 2014 жылы «Уаз» автокөлігі берілді. Өткен жылы сахнаға үлкен ЛЭД экран орнатылды. Бүгінгі күні мәдениет үйі жанынан құрылған «Халықтық» драма, «Үлгілі» «Айданай» би ұжымдары, жас ақындар және басқа да үйірмелер халыққа қалтқысыз қызмет етіп, өнерлерімен сусындатуда.
Нақтырақ айтқанда, заманауи талапқа сай жасақталып, халықтың мәдениетінің көтерілуіне бірден-бір үлес қосып жүрген өнер ордасы «Шұғыла» мәдениет үйі тағылымы мол өнерпаздардың ізгі дәстүрін жалғастыра береді.
Ғафура ЖАНБОСЫНОВА,
«Шұғыла» мәдениет үйінің директоры