АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандықтар бірдей процедуралардың әртүрлі медициналық орталықтардағы бағаларының айтарлықтай айырмашылықтарына жиі назар аудара бастады, деп хабарлады Kazinform агенттігінің тілшісі.
Мысалы, флюорография мемлекеттік емханаларда 1,5–2 мың теңге тұрса, жекеменшік медициналық орталықтарда 5 мың теңгеден де жоғары болуы мүмкін. Қан талдаулары мен дәрігер консультацияларында да осындай жағдай байқалады.
Заң не дейді
Ақылы медициналық қызметтерді көрсету тәртібін реттеу бірқатар нормативтік актілерде бекітілген.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс медициналық ұйымдарды ақылы қызметтердің құны мен көрсетілу шарттары туралы пациенттерді хабардар етуге, прейскуранттарды жариялауға, келісімшарттар жасауға міндеттейді және мемлекеттік бақылау үшін құқықтық негіз болып табылады.
Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау субъектілерінің ақылы қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы келісімшарттар қалай рәсімделуі керек, баға прейскуранттарының қалай жариялануы, алдын ала төлемдердің қалай қабылдануы және қайтарылуы керектігін нақтылап береді.
ТМККК мен МӘМС аясындағы қызметтердің тарифтері жеке бұйрықтармен бекітіледі және олар тегін көмек көрсету сегменті үшін қызметтердің құнын көрсетеді, бірақ жекеменшік орталықтардағы баға белгілеуді шектемейді.
Ақпараттандыру қағидаларын және қызмет сапасын сақтау бойынша бақылауды Денсаулық сақтау министрлігінің аумақтық департаменттері жүзеге асырады. Бұзушылықтар болған жағдайда ескерту мен айыппұл санкциялары қарастырылған.
Астанадағы жағдай
Салыстыру үшін Kazinform тілшісі Астанадағы медициналық орталықтардың жағдайын, мемлекеттік және жеке клиникалардың ресми прайс-парақтарын, сондай-ақ арнайы агрегаторлардың (i-teka.kz, 103.kz, idoctor.kz) деректерін зерттеді.
Флюорография: мемлекеттік емханаларда — 1,5–2 мың теңге, жеке клиникаларда — 2–3,5 мың теңге, жоғары сегменттегі клиникаларда — 5 мың теңгеден жоғары.
Қанның жалпы талдауы: бюджеттік сегмент — 700–1500 теңге; орта деңгейлі медорталықтарда — шамамен 2 700 теңге; жоғары сегменттегі зертханаларда — 3 700–4 000 теңге және одан жоғары.
Жалпы тәжірибе дәрігерінің қабылдауы: мемлекеттік емханаларда — шамамен 2 500 теңге, орта деңгейдегі жеке клиникаларда — 4–5 мың теңге, жоғары деңгейде — бастапқы қабылдау үшін 10–12 мың теңгеге дейін.
Ал Денсаулық сақтау министрлігі жеке клиникалардағы ақылы медициналық қызметтердің бағасы реттелмейтінін хабарлады. Ол нарықтық жолмен қалыптасады.
— Баға айырмашылықтары сұраныс деңгейі мен мамандардың біліктілігіне байланысты. Бұл ретте мемлекет тек дәрілік заттардың бағасын бақылайды, олар үшін шекті мәндер белгіленеді, — деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігі.