Қай қоғамда болмасын еріктілердің ерлігі айтылып жатады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та көп жерде осы еріктілерді сөзге тиек етеді. Өткен жылдардың бірін «Еріктілер жылы» деп атауы да соның айғағы. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында да еріктілердің маңыздылығы туралы да сөз қозғалды. Қайырымдылық қашанда көкірегімізге жылулық ұялатып, қоғамды біріктіреді. Жанның жылуы жасқа қарамайды.
Сол сөзімізге дәлел болған жылыойлық жастар қайырымдылыққа негізделген кино көрсетілім өткізді. «Кең болсаң, кем болмайсың» деп айтып кеткен дана бабамыз жомарттықтың қайырымы тек қана жақсылық екенін әуел бастан айтып кеткен. Жаратқанның жарлығына бағынған әр жамағат елге, қоғамға пайда тигізуге асықса, Әл-Фараби айтып кеткен «Қайырымды қала тұрғындары» атанарымыз хақ! Қазақ ежелден жетімін жылатпай, жесірін жалғыз қалдырмаған.
Ағайынның басына ауыртпалық түссе, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қолғабыс қылып, қуанышын да, қайғысын да қақ айыра бөліскен. Дүние мен мансаптың даңғыл жолына түскен қатал капиталистік қоғамда өздерінің жерлес інілерінің еміне жан ұшыра қаражат жинап, қол қусырып қарап отырмаған жастарымыздың бұл әрекеті жүректі жылытып, жанардан жас ағытты. Аталған шараны ұйымдастырған аудандық Жастар ресурстық орталығының қолдауымен құрылған «BizJastar» еріктілер клубы. Бұл ұйым осыған дейін де өздерінің іс-әрекетімен көптің қошеметіне ие болып жүрген еріктілер. Тасқын кезінде де тосылып қалмаған аудан жастары ауылдасы қиындыққа тап болса, астындағы атын беруге даяр жүрегіне жылулық дарыған жомарт жандар. Өткен аптада жерлесіміз Сұлтан Сәлімжан атты бал тілді балдырғанымыздың еміне қаржы жинау мақсатында аудандық Мәдениет үйінде «Біз екеуміз» туындысы қалың көрерменге жол тартты. Бұл жоба аудан тұрғындары арасында да қолдауын тауып, билеттер толық сатылды. Бас-аяғы 245284 теңге жиналып, барлық қаражат Сұлтанның анасына жолданды. Кино басында сөз сөйлеген аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Әлібек Амандық
: -Бүгінгі кино көрсетілімге келген қонақтар қош келдіңіздер. Жақсы көңіл-күйде уақыт өткізесіздер деген сенімдемін. Билеттердің барлығы бар жоғы 3 сағаттың ішінде сатылып кетті. Қайырымдылық шарасына белсене қатысқан тұрғындарға ерекше алғыс айтамын. Біріміздің басымызға сынақ келгенде екіншіміз көмектесе білсек, ала алмайтын қамал, аса алмайтын асу жоқ,-деді.
Айта кетейік, дәл осындай кино көрсетілімді №16 Д.Жазықбаев атындағы мектеп оқушылары да ұйымдастырып, қомақты қаражатты Сұлтанның еміне жұмсады. Басқа да мектептер бұл бастаманы қолдап, жерлесіміздің емі үшін әрбір жылыойлық өзінше үлес қоса алса, Сұлтанымыз ортамызға аман-есен қайта оралар деп сенеміз.
Аталған еріктілер бүгінгі күні өзінің құрамын толықтыру мақсатында мектеп оқушыларын шақыруда. Жасынан жақсылыққа жаны құштар оқушылар есейгенде де қара бастың қамы үшін емес, ел игілігі үшін еселі еңбек етері сөзсіз. Сондықтан, әр ата-ана өз баласын қайырымдылыққа баулыса, қазақтың қазанында ет қайнап, қайғы атаулы көрші ауылдан кері қайтар ма еді?!
Сұлтан Орынбасарұлына Жаратқан өзі жар болып, Алла ауруына шипа берсін деп тілейміз. Әр сәби бақытты болуға лайықты!
Ерназ Алтайұлы