Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Елімізде энергия тапшылығы жыл сайын артып келеді

Энергия өндіретін станциялар 70%-ға тозған - Айгүл Қапбарова ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров, Нұртөре Жүсіп және Айгүл Қапбарова АЭС салу жөніндегі халық штабының басқа мүшелерімен бірлесе отырып «Intermilk Kazakhstan» ЖШС қызметкерлерімен, сондай-ақ Ахмет Байтұрсынов атындағы және №93 мектептердің ұстаздарымен кездесті.

Сенаторлар атом электр станциясын салу қажеттігінің негізгі себептеріне тоқтала келіп, электр энергиясына деген сұраныстың көбейіп келе жатқанын атап өтті. Атом энергетикасы дәстүрлі қуат көздермен салыстырғанда энергия жүйесін жаңғыртуға, халықаралық ынтымақтастықты тереңдетуге зор мүмкіндік береді.

Нұрлан Бекназаров атом электр станциясының құрылысы ұзақ мерзімді экономикалық даму тұрғысынан Қазақстанға ең ұтымды таңдау болып табылатынын айтты. «Елімізде энергия тапшылығы жыл сайын артып келеді. Егер бұл мәселені бүгін шешпесек, болашақта одан да күрделі жағдайға тап болуымыз мүмкін. Атом энергетикасы ұзақ мерзімді келешекте электр энергиясы тарифінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Ол әсіресе өнеркәсіпті дамыту және қазақстандық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруда аса маңызды.

Сонымен қатар, АЭС құрылысының жобасы жаңа жұмыс орындарын ашады және өңірде инфрақұрылымды дамытуға ықпал етеді», деді Нұрлан Бекназаров. Нұртөре Жүсіп өз кезегінде атом электр станциясын салу Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайта түсетінін, шығарындыны азайту есебінен экологиялық жағдай жақсартатынын және технология мен өнеркәсіпті дамыту жолындағы негізгі қадам болатынын жеткізді.

«Атом электр станциялары қазіргі әлемдегі электр энергиясының негізгі көзінің бірі болып табылады, бірқатар елдерде энергетикалық қауіпсіздік пен экономикалық өсуді қамтамасыз етеді. Олар көмірқышқыл газының аз шығарындысымен ауқымды көлемде электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Энергияға сұраныс қарқынды өсіп келе жатқан жағдайда және климаттың өзгеруіне қарсы күрес жаппай белең алғанда атом энергетикасы елдерге жаһандық бәсекелестікке ілесу, тұрақты экономикалық өсуді қолдау және халықтың әл-ауқатын жақсарту мүмкіндігін бере отырып, сенімді және келешегі зор сала болып қала береді», деді Нұртөре Жүсіп.

Айгүл Қапбарова Қазақстанда электр энергиясын өндіретін станциялардың 70%-ға тозғанын атап өтті. Ол атом электр станциясының құрылысы үйлердегі жылуды қамтамасыз ету мен экологияны жақсартудан бастап бизнесті дамытуға және жаңа кәсіпорындар ашуға дейінгі көптеген салаларға ықпал ететін мультипликативті әсері бар ауқымды жоба екенін жеткізді. Бұл тұрғыда атом электр станциясын салу аталған мәселелерді шешуде негізгі қадам болып табылады. «Қазақстанның халықаралық экологиялық міндеттемесі бар, оған сәйкес еліміз 2060 жылға қарай көміртегінен бейтарап болуға қол жеткізуі тиіс. Осы тұрғыда Еуропалық Одақ көмір энергиясын пайдаланып өндірген өнімге салық салу мәселесін талқылай бастады. Атом электр станциясы болашақта тұрақты және орнықты энергетиканы қамтамасыз етудің негізгі шешімінің бірі бола алатынын атап өту керек», деді Айгүл Қапбарова.

Депутаттар кездесу соңында атом электр станциясының құрылысы ұрпақ болашағына деген қамқорлықты көрсететін салмақты шешім екенін атап өтті. Осыған байланысты әрбір қазақстандықтың алдағы референдумға қатысуы және еліміздің дамуына өз үлесін қосуы маңызды екені даусыз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521