Соғыс тақырыбында сөз қозғалғанда бұқара ұрыс даласындағы қан кешкен ерлердің қаһармандық ерлігі жөнінде көбірек айтатын әдеті ғой. Ал, тылдағы қайнаған еңбек майданына аса мән берілмейді. Шын мәнінде оқ атылмаса да, Қазақстан аумағындағы «Соғыс жағдайында» деп жарияланған бірден-бір өңір – Гурьев (қазіргі Атырау) облысы болатын. Өйткені Азғыр өңірінен Маңғыстау түбегіне дейінгі аса маңызды өнеркәсіптік база – мұнайлы Ембі өңірі елдің қуатты арсеналын жанар-жағармай, Жайық-Каспийден «су маржанын» сүзіп, азық-түлік, басқа да қажеттіліктермен жабдықтап отырды. Содан бері сексен жылдан астам уақыт өтсе де, сол бір қиын жылдар халық жадында мәңгілік сақталып қалды. Бұл тақырып келешекте кеңінен зерттеліп, жазыла беретіні сөзсіз.
1941-1945 жылдары Атырау облысы мобилизация және эвакуация орталығының маңызды арсеналы болғаны, жау қолында қалған аймақтардан стратегиялық объектілер, оның ішінде бірнеше зауыт пен олардың құрал-жабдықтары көшіріліп, өте қысқа мерзімде майдан қажетіне жұмылдыруды ұйымдастыру, 10-нан астам эвакогоспиталды орналастыру, КСРО Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің шешімімен «Гурьев-Қандыағаш» және «Гурьев-Астрахань» теміржолдарын іске қосу жұмыстары жедел ұйымдастырылған.
1942 жылдың екінші жартысында майдандағы жағдай шиеленісе түсіп, Сталинградты қорғау, оны әскермен қамту, материалдық-техникалық жабдық-тау ісінде де үлкен қиындықтар туған. Осындай жағдайда армияны жабдықтап, өнеркәсіп пен халықтың мұқтаждарын қанағаттандыруда тылдағы аудандармен қатар, Гурьев облысының да орны ерекше болды. Гурьев және Астрахань қалаларының арасына қатынайтын теміржол салудың басты себебі – неміс басқыншыларының Еділ бойына дейін ентелей кіруі еді. 1942 жылдың көктемінде Сталинград қаласын басып алған фашистер Еділден өтіп, Кеңес Одағының Кавказбен байланысын үзіп, осы арқылы олар Мәскеуге тікелей жол ашуды жоспарлады. Егер Сталинградты басып алған жағдайда Еділ өзенінен өтіп кетсе, қысқа мерзімде салынатын «Гурьев-Астрахань» теміржолымен Кавказға тікелей қару-жарақ жеткізіп, Әзербайжан мен Грозныйдан жанармай тасымалдауды көздеген болатын. Сөйтіп, ұзындығы 334 километр теміржол салу аяқ астынан басталған еді.
Бір Жарлықтың пәрмені
Қалыптасқан ахуалға байланысты майдан қажеттілігі үшін КСРО Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің (МҚК) 1942 жылғы 7 қыркүйектегі «Гурьев-Астрахань» теміржол желісінің құрылысын салу туралы №2267/с санды Жарлығы шықты. Соның негізінде теміржол құрылысы үшін топырақ төсеу жұмыстарына Қазақ КСР-і облыстарынан 30 000 адамды жұмылдыру туралы қаулы шығады. Оның ішінде Гурьев облысынан – 10 000, Батыс Қазақстан облысынан – 15 000, Ақтөбе облысынан – 5000 адам бөлу көрсетілген. Архив деректерінде алғашқы ұйымдастыру жұмыстары барысында Гурьев облыстық атқару комитетінің 1942 жылғы №118-б санды қаулысымен осы желіні салуға Теңіз ауданынан – 3500, Новобогат ауданынан – 2600, Есбол ауданынан – 800, Мақаттан – 200, Гурьев қаласынан – 700, Бақсайдан – 1200, Жылыойдан – 500, Шевченко ауданынан – 300, Маңғыстау ауданынан – 200 адамның жұмылдырылғаны айтылады.
МҚК Жарлығында теміржол құрылысының шартты атауы «Досанг» деп белгіленеді. Бұл атаудың берілуіне Астрахань облысының Краснояр ауданындағы Ахтуба ауылдық кеңесі аумағындағы шағылды алқап негіз болған еді. Аудан орталығынан 60-70 шақырым жердегі сусыма құмның күнгей бетінен сол кезде теміржол станциясы салынып, Гурьевтен келетін шойынжолдың шегі осы жерден тұйықталатын.
Ұзындығы 340 шақырымдық «Досанг» теміржол желісінің бастапқы жоспарында Дельта және Досанг станцияларымен қиылысатын жері «Қоянды» станциясы деп аталған. Жаңа желінің оңтүстігінде Қоянды станциясынан Еділ өзенінің сол жағалауы арқылы Кіші Арал, Кірдуан, Ганюшкино, Забурын бағытында, сосын құм арқылы Новобогаттан Гурьев станциясына қиылысып, Жайық өзені арқылы Гурьев балық консерві комбинатының аумағынан өтуі жоспарланған. Соғыс кезіндегі жүк тасымалы мен қозғалысты жеделдету үшін тез салып бітіріп, 1943 жылдың 1 қаңтарында іске қосу көзделген. Теміржол бойына үйілетін топырақтың (земляные работы) жалпы көлемі – 3 800 000 текше метр, ал жаңа желіде 22 аялдама болатыны қарастырылған. 22 пункттің 13-і бірінші кезеңде салынып, Ганюшкино аумағында айналмалы депо станциясы орналасуы тиіс болды.
Архив қорында 1942 жылғы 15 сәуірде №108 НКПС құрылысы басшылары мен Батыс Қазақстан облысы атқару комитеті №4 Жанбай разъезіндегі жол төсеуші жұмысшылардың тұрмыстық жағдайын бірлесіп тексеріп, қорытынды акт жасапты. Онда жұмысшылар үстін қамыспен жауып, бір метр тереңдікте қазылған жеркепелерде (землянка) және шатырларда (палатка) тұратынын, жұмысшыларға тұрмыстық жағдай жасалмағаны, олар тұруға жарамсыз бір жұмысшыға 1-1,5 шаршы метрден келетін жертөледе тұратыны, жертөленің терезесі жоқ, пеші топырақтан жасалған, мүлдем төсек-орны жоқ, оның орнына топырақ пен қамыс төсеніп ұйықтайтыны, тек стахановшы (екпінді) жұмысшыларға ғана жамылғы-төсеніштер берілгенін, күніне екі рет ыстық тамақ берілетіні айтылады. Тамаққа негізінен балық тағамдары мен сүт өнімдерін колхоздар ұйымдастырып, жеткізеді екен.
Шынында құрылысты жүргізіп жатқан жұмысшыларға санитарлық жағдай да жасалмаған, жуынатын жер жоқ. Соны біле тұра құрылыс бастығы Тибилов пен саяси бөлімнің бастығы Савинов жұмыстарына немқұрайлылық танытқан. Екі айдан астам моншаға бармаған жұмысшылар арасында жаппай іш сүзегі мен қышыма аурулары да тарайды. Себебі ыстық су болмағандықтан кірлеген киімдерін жуа алмай отырған жұмысшылар үшін құрылыс алаңында қоғамдық тамақтандыру ұйымдастырылмаған, өйткені қайнаған су да жоқ еді.
1943 жылы 1 маусымда жазылған ақпарда 334 шақырымдық теміржолдың Астрахань жағынан 76 шақырым, Гурьев қаласы жағынан 87 шақырымына топырақ төселіп, рельс төсеуге дайындалғаны айтылған.
Көзкөргендер естелігі
Әрине, жол салу үшін әуелі жұмыс күші керек болғаны белгілі. Ал еркек кіндіктілер майданда, тылда тек қарттар, әйелдер мен жасөспірімдер ғана, амалсыздан бүкіл облыстағы 45 жасқа дейінгі әйелдер мен 15-16 жастағы балалар жұмысқа алынған. Сол жанқиярлық еңбектің куәгерлері өз естеліктерінде күніне 14-16 сағат қолмен жер қазып, зембілмен топырақ тасығанын, аштық пен жалаңаштық, ауыр жұмыс зардабынан қаншама әйелдер ауруға шалдығып, өліп те кеткенін айтады. Облыстық мемлекеттік архивінің жеке тектік қорында сақталған геология-минералогия ғылымдарының докторы Дүйсен Мырзағалиевтің «Тылдағы еңбек тасқыны» атты естелігінде былай деп жазылған:
«…Ол кезде қала маңында «Ракуша» колхозы болған-ды. Ер азаматтар майданда, ауылда қалған қарттар мен әйелдер, еңбек етуге жарайтын балаң жастардан бригада ұйымдастырып, жол салу жұмысына көлік, құрал-саймандарымен қатысты. Біздің үйден анам Ділдә, ағам Ғилымғали, апам Айша және мен Дүйсен қатыстық. Көршілерден Дәмеш шешем, келіні Злиха, Аққыз шешем, келіні Үндеш, Дәмелі апай, ұлы Бақтиярмен, Хамит молда қызы Сақан мен ұлы Сәбит, т.б. осындай жанұя мүшелерімен қатысқандар болды. Бригадир әр топқа жұмыс белгілеп, тапсырма береді. Жұмыс басталғанның белгісі – басына қызыл жалау байланған сырық-таяуды жерге шаншып көтергені, түс мезгілі болғанда – жалау төмен түсіріледі.
Бәрі жұмыла, әзілдері жараса топырақты үйіп жатқан әйелдер: «Әкеліңдер топырақты! Көзіне құм құйылсын Итілгерінің! (Гитлер дегені)» деп, жарыса айқайласа еңбек ететін. Іңір қараңғысымен үйге жеткенше шерлерін тарқата, әскердегі жарлары мен аға-әкелерін әнге қосып, кең даланы жаңғыртып ән шырқайтын. Сондағы айтылатын әннің бір шумағын келтіре кетейін:
Бір балық су ішінде табан болғай,
Ағалар әскердегі аман болғай.
Бозторғай қой үстінде жұмыртқалап
Қосылар ағалармен заман болғай!.. — деп, қажыған жүрекке жігер, қамыққан көңілге қайрат берер қазақ ұлтының қанға сіңген қасиетімен әндететін. Сол кездегі аналарымыздың ақ тілектерін Алла қабыл қылып, ерлік пен бірлік, майдан мен тылдың тұтастығы арқасында қасиетті Отанды жаудан қорғап қалды. Сол адамдардың елге деген сүйіспеншілігі мен тылдағы ерліктері кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық еді…»
«Досанг» теміржолының құрылысын жүргізген адамдар тағдыры туралы «Қазақстан теміржолшысы» газетінде Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, белгілі журналист Рахмет Иманғалиевтің естелігінде: «Мен ол оқиғалардың кезінде тоғыз жасар баламын. Жау Сталинградты уақытша қоршауға алды, ауылымыздың іргесіндегі Астрахань қаласы мен Сайқын станциясын бомбалап жатты. Жаудың ызылдаған қара самолеттері бізге дейін ұшып келеді, гүрсілдеп, алыстан күңіреніп естілетін бомба жарылысын да құлағымыз талай шалған. Осындай ауыр жағдайда майданға тура қатынасты жақындату үшін мұнай мен азық-түліктің қоймасы саналған Атыраудан Ақсарайға дейін шұғыл түрде темір жол қатынасын жасау керек болды. Адамдар «өлсін-тірілсін» онымен санасатын жағдай жоқ, темір жол табанын төсеуге жасөспірім ұл-қыздар мен әйелдерді ала бастады. 1942 жылдың қараша-желтоқсан айларының қысы адам төзгісіз суық болды, аяз қатты, қар қалың. Аштық пен жалаңаштық жайлаған. Шатырда, жертөледе тұрып жұмыс істеген адамдар үсіп, титықтап өліп те жатты. Бірақ жұмыс тоқтаған жоқ. Біздің «Тінімнің Тулағы» деп аталатын шопандар ауылында еді. Әкем мен ағамыз соғысқа кетіп, анамыз колхоздың қойын бағады, біз көмектесеміз. Қозыкөш жерде темір жол табанының топырағы төселіп жатыр. Бірде желтоқсанның сары шұнақ аязында түнделетіп екі бала үйімізге келді. Үсті-бастары ақ қырау, саусақтары иілмейді, аяқта жыртық бәтеңке. Жастары 15-16-да болар. Әлжуаз, арық. Екеуі де балаша боздап жылайды. «Үсіп қалдық, қарнымыз аш, мама» дейді анамызға. Үйдегі бармен тамақтандырдық, пештің түбіндегі қазандыққа тығылып отырып жылынды. Біреуі қызулап ауырып отыр екен, түні бойы жөтеліп ысылдап шықты. Ертесіне анамыз бір таба нанды қолтықтарына қысып, «шыдаңдар, жыламаңдар» деп жұмыстарына жіберген еді. Үш күннен кейін сондағы тық-тық жөтелген бала өліп қалды деп естідік», — деп жазған.
«Қазақстан теміржолшысы» газетінің 2014 жылғы сандарының бірінде журналист Қосұйым Мұқашевтің «Сұрапыл жылдар» атты мақаласы жарияланып, онда Ленин орденінің иегері, исатайлық еңбек ардагері Хатима Дайырованың теміржол құрылысына қатысқан кезін еске алыпты:
«…1942 жылдың соңғы айлары. Мен бар болғаны 15 жасқа толғанмын. Темір жолға жер қазуға алды. Күндік норма – үш шаршы метр жердің топырағын бір метр тереңдікте қазып, темір жол төселетін биікке апарып төгу. Жерде тоң қалың, әрі сақылдаған сары аяз. Оған қарайтын жағдай жоқ, қалың тоңды сүйменмен ұрғылап топырақ қопсытамыз, қол зембілге салып, топырақты көрсеткен жерге апарып төгеміз. Қалай етсең – олай ет, күндік норма орындалуы керек, әйтпесе аштан өлесің. Менің аяғымдағы ескі бәтеңкем жыртылып, екі башпайым үсіп кетті. Сонда да жұмыстан қалдырған жоқ, көрмеген азабымыз жоқ. 1943 жылдың ақпанында Сталинград қаласы жаудан тазартылды деген хабар келді. Теміржол құрылысының уақытша қажеттілігі жоқ делініп, тірі қалған адамдарды үйлеріне қайтуға ықтияр етті. Ендігі бар арман – үйімізге жетіп өлсек дедік. Төрт қыз, бір келіншек бесеуміз бірнеше күн жаяулап жүріп, ботадай боздап келеміз. Жолда шеген үйде тұратын бір кемпірдің үйіне келіп, бесеумізге бір таба құмаршық нанын алдымызға қойғанда, ботадай боздап жыладық.
Ақжуа дейтін бар, жерді шұқылап соны теріп жеп талшық қылып, әйтеуір үйімізге тірі жеткенбіз…»
Тоқетер сөз
Иә, осындай азаппен басталған «Гурьев-Астрахань» («Досанг») теміржолының құрылысы ақыры аяқталған жоқ. Себебі Қызыл Армия 1943 жылдың басында Сталинград түбінде немістерге күйрете соққы беріп, қысқа мерзім ішінде басқыншылар армиясын Еділден 200-300 шақырымға түре қуып тастаған соң, «Досанг» жолын аяқтаудың қажеттілігі болмай қалғандықтан, құрылыс тоқтатылған.
Табаны төселіп, жартылай жасалмай қалған теміржолға өткен ғасырдың 70-жылдары қосымша жұмыстар жүргізіліп, шпалдар төселді. Сөйтіп, Орта Азиядан Кавказға шығатын тікелей теміржол бағыты соғыс біткен соң ширек ғасырдан кейін ғана ашылды.
Райса ТАСТЕМІРОВА,
облыстық мемлекеттік архивінің бөлім басшысы