Теміржол түрлі мамандықтың басын біріктіретін үлкен де күрделі сала. Мұнда пойыз тасымалына қатысты сан мамандық иелерінен бастап, қарапайым перрон сыпырушыға дейін кездестіруге болады.
Қазақстанның заманауи экономикасының қалыптасуында теміржол көлігінің маңызы зор. О шеті мен бұ шеті сан мыңдаған шақырымдарды құрайтын еліміздің ен аумағын, көптеген өндіріс саласындағы жүк көлемін, жолаушылар тасымалын ескерсек қызметтің бұл түрін мемлекетіміздің негізгі тұғыры, өндірістік күшті біріктіруші тетік деуге толық негіз бар. Теміржол саласында вагон немесе пойыз құрастырушылар деген ерекше мамандық бар. Олардың міндетіне темір жол тұйығында бір бағыттағы вагондарды жинақтап, локомотивке жалғап сапарға шығарып салу кіреді. Жүк және жолауышалар пойызына тіркелетін вагондарды бөлек-бөлек жинақтайды. Былай қарағанда, қарапайым жұмыс болғанымен өте жауапты іс. Келген вагондар тұйықта тұрып қалса, немесе бағытталған адресатқа уақытында жетпей қалса олардан қатаң жауапкершілік сұралынады. Сондықтанда вагон құрастырушылар жай жұмыскерге жатпайды.
Тынымсыз жұмыстарының бәрі минутына дейін есептеулі. Оларды да арнайы оқытады, жыл сайын пойыздар қозғалысы мен техника қауіпсіздігін сақтау емтиханынан, денсаулығы жайлы дәрігерлік комиссиядан өтеді. Комиссия сәл кінәрат тапса, оларға басқа жұмыс ұсынылады. Міне, жауаптылықты осыдан-ақ көруге болады. Вагон құрастырушылардың еңбектері ерен. Күн болсын, түн болсын маневр кезінде вагонға жабыса мініп, қолына жалауша ұстап зыр жүгіре состав құрастырып жүргендердің жанкешті еңбегін атамай кетуге болмайды. Екі вагонның арасына кіріп, дұрыс түйіскенін мұқият қадағалап отыруда аса сақтықты қажет етеді. Жүк вагондарын дер уақытында жеткізу және белгілі бір уақытта вагонды қайтарып алу да вагон құрастырушылардың міндетіне жатады. Осы қызметті қырық жылға таяу мүлтіксіз атқарып келе жатқандардың бірі де бірегейі – Әліпов Мәди Сақташұлы. Ол бұл жұмысқа міндетті әскери борышын өтеп келген күннен бастап келді. Ұжымдағы тәжірибелі вагон құрастырушы ретінде жастарға өзінің абыройлы ісімен үлгі. Тәжірибелі мамандар дегенде ұзақ жыл машинист болып еңбек еткен Тарихов Ерлан мен Ибрагимов Құрманбайдың есімдерін атауға болады. Қазіргі уақытта екеуі де Атырау локомотив депосының Ганюшкин айналымында тепловоз резервін дайындаумен айналысады. Сапарға шығатын темір тұлпарлардың ішкі жабдығы сапалы жарақталуын, жарқыраған таза күйде ұсталуын қадағалайды. Май-суын қарап, кезекті нүктеге дін-аман жетуін пысықтап отырады.
– Біраз жыл машинист болып тепловоз тізгіндеп келдім. Жалпы машинистке артылар жауапкершілік жоғары. Ол қырағы және барлығын білуі тиіс. Темір жол саласына қатысты басқа да мамандардың жұмысын меңгеру керек. Өйткені жолда ақау болса, жол белгілері қирап, мал өтіп жатса да бәрін стансаға хабарлап айтып отырады. Кейінгі кездері денсаулығыма байланысты осы жұмысқа ауыстым, – дейді өз ісінің маманы Ерлан Тарихұлы.
Ол - «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 25 жыл», «Қазақстан теміржолы ұлттық компаниясының 25 жылдығы» мерекелік медальдарының, «ҚР теміршолшылар кәсіподағына – 20 жыл» мерейтойлық белгісінің және «Адал еңбегі үшін», «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» кеуде белгісінің иегері, «Локомотив» АҚ-ның Құрмет грамотасымен екі рет марапатталған майталман машинист. Теміржол саласында аса қажетті мамандық - темір жонушы. Өйткені, техника болғасын бір ақауы шықпай тұрмады. Сонда қолда бар құралмен сынған тетікті тап сондай етіп дереу дайындау қажеттігі туындайды. Өз ісін білетін әккі токарьларға әп сәтте дайындай салу түкке тұрмайды. Ол жылдар бойы жинақтаған тәжірибенің, еңбекқорлықтың, төзімділік пен мұқияттылықтың нәтижесі. Сонымен бірге қолдың ептілігі, көздің дәлдігі де керек. Дайындалған тетіктен сәл ауытқу кетсе, ол ырғақты жұмысқа зиянын тигізуі мүмкін. Ганюшкин бекеті «ПЧ-9» мекемесіндегі шеберхананың темір жонушысы Рашит Серіков(үшінші сурет) өзінің ұзақ жылғы кеңес дәуірінен жеткен «1К-625» маркілі токарьлық станогымен болт-бұранданың, басқа да тетіктердің түр-түрін зауыттан кем емес етіп дереу дайындап береді. Өз кәсібін жақсы көретін еңбекқор жігітке бұл түк емес.



