Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қаралды. Онда оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова және ішкі істер министрі Ержан Сәденов баяндама жасады. Өз кезегінде оқу-ағарту министрі Тұжырымдаманы таныстырып өтті.
«Балалардың құқығы мен мүддесін қорғау – мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының және ұлт болашағының берік негізі. Осы бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, оларды қорғаудың тиімді тетіктерін қалыптастыруды және әрбір баланың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасауды мемлекеттік саясаттың басым міндеті ретінде айқындады. Президентіміздің Ұлттық құрылтайда берген тапсырмалары аясында балалардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған нақты шаралар қабылданып, олардың құқығын қорғау бағытында жүйелі жұмыс жасалуда. Атап айтқанда, Президент бастамасымен балалардың құқығын қорғау, білім сапасын дамыту, денсаулығын сақтау, әлеуметтік қолдау және қауіпсіздігін қаматамасыз ету саласында айтарлықтай іргелі реформалар және заңдар қабылданып, жүзеге асырылуда. ЮНИСЕФ аймақтық директоры Қазақстанды балалар құқықтарын қорғау саласында тек Орталық Азия аймағы елдері үшін ғана емес, сонымен бірге бірқатар еуропалық елдер үшін де үлгі екендігін айтқан болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтары жөніндегі уәкіл және салалық министрліктермен бірлесіп 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын әзірледі», — деді Жұлдыз Сүлейменова.
2025 жылы дерекке сай елімізде 7 млн-ға жуық бала бар, бұл жалпы халық санының 34%-ын құрайды. Министр кейінгі 10 жылда тұрақты демографиялық динамика негізінде балалар саны 1,5 млн-ға артқандығын атап өтті.
Оның айтуынша, Президент бастамасымен «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Қазақстан Республикасы Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ын жыл сайын 18 жасқа толмаған барлық балалардың есепшотына аударады. Жинақталған қаражат оқу ақысын төлеуге және тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған.
Сонымен қатар «Қазақстан Халқына» қоғамдық қоры аясында шамамен 120 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды.
«Баршаға белгілі елімізде орта білім тегін. Жыл сайын ата-аналардың тегін білім қызметіне деген сенімі артып келеді. Бастауыш сыныптарда оқушыларға бір мезгіл тегін ыстық тамақ беріледі. 1–11 сыныптарда балалар тегін оқулықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен бірге 1-4 сынып оқушыларына арналған тегін ыстық тамақпен қамтуды және 130 баланы тегін тасымалдауды қоса алғанда әлеуметтік қолдаудың 49 түрінен тұратын жүйе жүзеге асырылуда. Сондай-ақ «Жалпы білім беру» қоры арқылы 25 млрд теңгеге көмек көрсетілген. Бүгінде бала құқын қорғауды күшейтетін 10 негізгі заң қабылданды. Бұл заңдар балалардың өміріне, денсаулығына, психологиялық саулығына төнетін қауіп-қатерлердің алдын алу тетіктерін заңнамалық деңгейде бекітті», — дейді ол.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, мемлекетіміз қабылдаған жүйелі шаралар және қол жеткізілген нәтижелер «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасына негіз болған. Тұжырымдама балалардың құқықтарын қорғаудың бірізділігін және шаралардың тиімділігін арттырады.
Негізгі құқықтарын қамтитын төрт бағыттан тұрады, олар – балалардың қауіпсіздігі, білім, денсаулық, отбасыға және әлеуметтік қорғаудағы құқықтары.
Тиімділікті бағалау үшін 10 индикатор қарастырылған, нақты жүзеге асыру үшін 158 іс-шара жоспарланған. Қаржыландырудың жалпы көлемі 1,3 трлн теңгені құрайды.
«Қауіпсіздік» бағыты аясында қазіргі жағдайды ескере отырып, жұмыс жандандырылады.
Ең алдымен, «Адал азамат» бағдарламасы аясында «Заң және тәртіп» қағидатын кеңінен тарату көзделуде. Бұл әрбір баланың өмірі, оқуы және дамуы үшін қауіпсіз ортаны қамтамасыз етеді.
«Таза Қазақстан» акциясы балаларды тәрбиелеудің идеологиялық платформасы ретінде негізге алынады.
Бүгінгі күні елімізде 20 психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді, барлық мектептерде қауіпсіздік сабақтары өткізіледі және «111» байланыс арналары енгізілген.
Тұжырымдама аясында мектептерде педагог-психолог сағатын енгізу, зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға 40 көмек кабинетін ашу жоспарланды.
Заңбұзушылық фактілерінің алдын алу және психологиялық көмек көрсету бойынша барлық шаралар әрбір баланың қауіпсіз ортада өмір сүруінің негізі болып саналады.
Жалпы алғанда, соңғы жылдары балалардың қауіпсіздігін жақсарту үшін бірқатар жүйелі шаралар қабылданды. Білім беру ұйымдары техникалық қауіпсіздік жабдықтарымен толық жабдықталған.
Мектепке дейінгі мекемелер мен жазғы лагерьлердің қызметін лицензиялау 2027 жылға жоспарланды.
Балаларды зиянды ақпараттан қорғау шараларының бірі ретінде заңсыз зиянды мазмұндағы ақпаратты жоймағаны үшін онлайн платформаларға жаза күшейтілді.
«Балалардың құқықтары мен мүдделерін тиімді қорғау және олардың қауіпсіздігі көбінесе мамандардың біліктілігіне байланысты. Тұжырымдама кадрлық әлеуетті жүйелі түрде нығайтуды қарастырады. Педагог-психологтар және әлеуметтік педагогтерге қойылатын талаптар күшейтіліп, жыл сайын олардың біліктілігін арттыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 4 өңірде, атап айтқанда Астана қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылғанын ерекше атап өткім келеді. Қалған өңірлерде биылғы наурыз айына дейін ашылуы күтілуде. Облыс әкімдерінен осы ретте жұмысты уақытылы аяқтауға көңіл бөлулеріңізді сұраймын», — деді министр.
Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балаларға арналған қауіпсіз орта құруға бағытталған кең ауқымды шаралар жүзеге асырылғанын айтты.
Мәселен, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217 мектеп салынды. Сонымен бірге мектеп инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған шаралар балалардың заманауи әрі қауіпсіз оқу жағдайларына қолжетімділігін қамтамасыз етті. 217 «Келешек мектептерінің» 84-і ауылдық жерде салынғандығын ерекше атап өтеміз, бұл – қала мен ауыл арасындағы білім беру сапасын теңестіруге мүмкіндік беретін фактор.
677 балабақшаның ашылуы 65 мың баланың мектепке дейінгі білімге қолжетімділігін арттырды. Балалардың қауіпсіздігі үшін мектептер маңында жаяу жүргіншілерге арналған жолдар мен көшеге жарық шамдары орнатылды.
Тұжырымдама аясында балалардың жол қозғалысының қауіпсіздігі және тасымалын арттыруға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылады.
Суда болған қайғылы оқиғалардың алдын алу, соның ішінде жабдықталған және қауіпсіз шомылу орындарының санын арттыру, балаларды жүзу дағдылары мен суда қауіпсіз мінез-құлыққа үйрету қарастырылған.
«Баланың білім алу құқығы» бағыты аясында әрбір баланың сапалы білім алуына нақты және тең мүмкіндіктер қарастырылады. Балаларды ерте дамыту бойынша педагогтердің біліктілігі арттырылады және олардың оқу бағдарламалары жаңартылады.
Мемлекет тарапынан инклюзивті білім беру саласына ерекше көңіл бөлінуде. Оның бір дәлелі, 2025 жылы алғаш рет Қазақстанда өткен Инклюзия бойынша Дүниежүзілік конгресс. Аталған шараға 50-ден астам мемлекет қатысып, Конгресс инклюзивті білім беру саласын дамытуда маңызды рөл атқарды.
«Тұжырымдамаға келетін болсақ, оның басым бағыттарының бірі - инклюзивті білімді сапалы ұйымдастыру. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кешенді шаралар қарастырылған, оның ішінде психологиялық, медико-педагогикалық консультациялардың желісін кеңейту, коррекциялық қолдау кабинеттері мен аутизм орталықтарын дамыту, сондай-ақ білім беру ұйымдарында балаларды жүйелі түрде сүйемелдеу енгізу қарастырылды. Осы шаралар денсаулығына байланысты үйде оқитын оқушылардың санын біртіндеп азайтуға және олардың оқу-тәрбие процесіне толық қатысуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге арнайы ұйымдардың қызметі лицензияланатын болады. Бұл көрсетілетін қызметтердің сапасын жоғары деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.
Тұжырымдамада баланың негізгі құқықтарының бірі – отбасы институты, ата-ана жауапкершілігі және әлеуметтік қолдау тетігіне көңіл бөлінген. Отбасы институтын және ата-аналардың, оның ішінде асырап алушы ата-аналардың жауапкершілігін күшейтуге негіз болатын жүйелі шаралар бекітілген.
Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы әрі уақытылы орындауға «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында айқындалған балалардың құқықтарын қорғау саласындағы міндеттерді жүзеге асыру негіз болады.



