Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Мамандығын ерекше сүйетін жан

 Фельдшер – орталықтан шалғай жатқан шағын ауыл тұрғындарының басы ауырып, балтыры сыздаса көмегіне жүгінетін бірден-бір адам. Керек жерінде дәрігер де, медбике де, санитар да бола кетеді.

Сондықтан осы бір орта буын медицина мамандарын жергілікті тұрғындар құдайындай көретіні анық. Фельдшер де ауылдастарының жағдайларын бір кісідей түсінеді, лажы келсе дендеген дерттеріне шипасын тигізуге тырысады. Қашан келсе де қабағын шытпай мейірімімен қоса жан жылуын төгіп, науқастың тез сауығып кетуіне атсалысып бағады. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін салада сапалы еңбек етіп, науқастардың алғысына бөлену көптің қолынан келе бермейді. Сондай жұмысын абыроймен атқарып, аянбай еңбек етіп келе жатқан жанның бірі Азғыр ауылдық округіне қарасты Қоңыртерек ауылдық медпунктінің фельдшері Гүлшат Евниенова десек, онымен жақсы таныс азғырлықтар бұл сөзімізді теріске шығара қоймас.

Балқұдық ауылында 1966 жылдың 29 қарашасында дүниеге келген Гүлшат Нұрсұлтанқызы осындағы онжылдық мектепті аяқтаған соң 1984 жылы Гурьевтің медициналық училищесіне оқуға түседі. Адам жанының арашашысы болу оның бала күнгі арманы болатын. Қалаған мамандығын жақсы игеріп шыққан Гүлшат көп ойланбастан туған ауылына оралып, еңбек жолын бастауға асықты. 1987 жылдың сәуірінде дипломды маманды кеңшар орталығынан 30 шақырымдай жердегі Қоңыртерек медпунктіне жұмысқа жібереді. Малмен ғана күнкөрісін тауып отырған ауыл тұрғындары Гүлшат қыздарын тосырқамай қабылдайды. Қыр адамдары іштері ауырса да, тістері ауырса да күн демей, түн демей оны іздеп келетін. Фельдшер қыз да өзіне сеніп келгендердің меселін қайтармай қолдан келгенше ем-домын жасап, сырқаты ауырларын орталыққа білікті маманға қаралуға кеңесін беріп, жанын сала жұмыстанды. Осылай ауылдастары арасында беделі артып, сый-құрметіне бөленді. Өзі де ортаға сіңісіп, кеңшар фермасында жұмыс жасайтын өзіндей жас Жексенбаймен көңіл жарастырып, жанұя құруға сөз байласты. Отбасы тірлігі, сүйікті жұмысы дегендей жылдар зырлап өтіп жатты. 1997 жылы кеңшар тарап, мал-мүлкі жаппай жекешелендіріліп жатқан алмағайып тұста ауылдық медпункттің де ғимараты біреудің пайлық үлесіне кете барды. «Не істемек керек, 300-дің үстінде тұрғыны бар ауылдың адамдарының жағдайы не болмақ» деген сауалдар кесе-көлденең шықты. Сүйікті ісінен де ажырап қалу қаупі туындады. Қабырғасымен кеңесе отырып, денсаулық саласының жоғары тұрған органдарымен келісіп медпунктті сақтап қалуды ұйғарды. Ауылда аша қоятын қолайлы бос тұрған ғимарат та, үйде жоқ, осындай қысылтаяң сәтте азаматы қолдау білдіріп, өздері тұрған үйдің бір бөлігін есігін сыртқы қапталдан шығарып, медпунктке ыңғайлап берді. Бұл қадамға ауылдастары да риза болысты. Гүлшаттың арқасында Қоңыртерек ауылында әлі күнге медпункт жұмыс жасап тұр.

Сонау 1984 жылдан бері тынымсыз еңбек етіп келе жатқан маман ауыл тұрғындарының денсаулығын бақылап, қажетті ақыл-кеңесін беріп отырады. Адам жанын түсінетін ол кез келген уақытта көмек қолын осзып, өз қызметін мүлтіксіз атқарып келеді. Фельдшерлік қызметіне 38 жылын арнаған Гүлшат Евниенова өз ісінің қыр-сырын меңгерген, мол тәжірибе жинаған мықты маман. - Осы дәрігерлік саланы өзім таңдап, өзім жүрегіммен қалап келдім. Қиындығы да, қуанышы да қатар жүреді деп айта аламын. Күн-түн деп жатпай, уақытпен санаспай жұмыс істеуіме де тура келеді. Кейде жұмыстан басқаға уақыт таппай қалатын кездер болады. Бірақ мамандыққа деген адалдық бірінші орында. Себебі, біз таңдаған жұмыстың ар жағында қаншама адамның тағдыры, денсаулығы, өмірі тұр. Оған бейжай қарауға болмайды. Мамандығымды мақтан тұтамын. Ауыр жағдайда келген науқастардың жүзіне қанжүгіріп, тәуір болғанын көргенде қуанамын. Еңбегім еленбеді деп айта алмаймын, ара-тұра азын-шоғын марапаттар келіп жатады- дейді кейіпкеріміз бізбен әңгімесінде. Иә, қарапайым ғана қызмет болып көрінгенімен фельдшерлер атқаратын жұмыс асқан жауапкершілікті, тиянақтылықты қажет ететіні сөзсіз. Медицинадағы ауыр жүкті арқалайтын Гүлшат Нұрсұлтанқызы сынды жанашыр жандардың мерейлері үстем болғай. Үзілгелі тұрған үмітті қайта жалғайтын, тіпті кейде ажалдан арашалап, екінші өмір сыйлайтын ақ халаттылар қандай құрметке де лайық.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT