Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайды біз елдік мәселені ашық айтып, түйткілді тұстарды жасырмай қозғаған маңызды басқосу деп қабылдадық.
Сыр бойы — тарихы терең, сөзі салмақты өңір. Осындай жерде елдің тағдырына қатысты әңгіме айтылуының өзі үлкен мәнге ие. Әсіресе, құрылтайда көтерілген лудомания мәселесі — бүгінгі күннің үлкен дерті. Ойынға беріліп, отбасын да, жұмысын да ұмытқан жастар аз емес. Бұл – бір адамның ғана емес, тұтас қоғамның қасіреті. Ақша табудың оңай жолын іздеу түбі опық жегізеді. Мұнда тек тыйым емес, түсіндіру, тәрбие, жауапкершілік қатар жүруі керек.
Президентіміз құрылтайда осы мәселені жан-жақты айта келіп, жастар тәрбиесіне де тоқталды. Әрине, ұрпақ тәрбиесі түзелмей, ел түзелмейді. Біліммен қатар, тәртіп, еңбекке баулу, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу сияқты қазақы қасиеттерді қайта жаңғырту қажет. Сондай-ақ, қыз алып қашу сияқты келеңсіз әдеттің де ашық айтылғаны дұрыс болды. Бұл салт емес – зорлық. Қыздың да, оның отбасының да разылығы болмай, жасалған іс береке әкелмейді. Қазақ ешқашан қыздың көз жасына қалған халық емес. Сондықтан бұл мәселеге заңмен де, сана арқылы да тосқауыл қойылуы орынды. Алқалы жиында мәдениет саласын көтеру, соның ішінде еліміздің бірнеше қаласында кітапхана, музей, театр салынатындығы айтылды. Бұл да құптарлық шешім. Себебі мәдениет саласы – елдің бет-бейнесі. Сондықтан оған жан-жақты қолдау жасап, қамқорлық танытып отырған жөн. Бұл мәселе президент назарынан тыс қалмай құрылтайда кеңірек қозғалды. Келелі кеңесте бұдан өзге де елдік мәселелер айтылып, тиісті тапсырмалар берілді. Ендігі тілек – құрылтайда айтылған сөздер құр мінберде қалмай, нақты іске айналса екен дейміз. Елдің бірлігі, жердің тұтастығы, ұрпақтың амандығы бәрінен қымбат. Ақылмен басталған іс, адал ниетпен жалғасса, оның қайырымы болады. Бірлік бар жерде береке бар, ал берекелі елдің болашағы баянды болады.
Аязбай ОРАЗОВ,
Жангелдин ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы



