Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Зейнеткер қос ұстазға құрмет білдірді

Атырау облыстық Білім беру басқармасының Исатай ауданы білім бөлімінде білім саласы бойынша ардагерлер кеңесінің жоспарына сай 90 жастағы ардагер ұстаздарды мерейлі жастарымен және Жаңа жыл мерекесімен құттықтау ұйымдастырылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:

«мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлген абзал» деп педагог мамандарға ерекше көңіл аударып, назарға алған еді. Қашан да халқымыз «Қариясы бар ел-қазынасы бар ел» деген.

Негізінен «Атырау облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Исатай аудандық комитеті» филиалы ұйытқы болған шараның басы-қасында аталған ардагерлер кеңесі төрайымы, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Алия Фазылқызының өзі жүрді. Мақсат Х. Наубетов атындағы орта мектепте ұзақ жылдар ұстаздық қызмет етіп, сол ортадан зейнеткерлік демалысқа шыққан, бүгінде тоқсан жастың төріндегі ардагер ұстаздар Марданов Ғизатолла ағай мен Нажимова Гүлжиян апайдың қоғам мен мемлекет үшін адал іс қылып, жас ұрпақ тәрбиелеудегі тынымсыз еңбектеріне құрмет білдіру, олардың ғибратты өмірлерін үлгі тұту, ардагер жандарға мерекелік көңіл-күй сыйлау еді. Марданов Ғизатолла ағай 1934 жылы дүниеге келген. 1945-1954 жылдары Сарытөбе, Карл Маркс мектептерінде оқып, орта білім алған. 1954-1958 жылдары әскер қатарына шақырылып, Тынық мұхит үстіндегі корабльде болулы. 1958-1963 жылдары Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтын орыс тілі мен әдебиеті, қазақ тілі мен әдебиеті мамандықтары бойынша оқып-бітірген ол ширек ғасырдан астам уақыт бойына Х.Наубетов (бұрынғы Куйбышев) атындағы орта мектепте шәкірттерге орыс тілі мен әдебиетінен дәріс берді. Ал, 1934 жылы Теңіз ауданының Котяевка ауылында дүниеге келген Нажимова Гүлжиян апай болса, 1954жылы Ақтөбенің екі жылдық әйелдер институтынан қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығы бойынша білім алып, 1954-1956 жылдары Маңғыстауда Тұщыбек жеті жылдық мектебінде сабақ берді. 1959-1963жылдары Гурьев мемлекеттік институтында оқып, білімін жетілдірген апай 1956 жылы Жиенғазиев Молдағазы атты азаматпен тұрмыс құрып, Жанбай ауылына келін болып келеді де, Куйбышев атындағы орта мектепте шәкірттерге қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс береді. Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі атанған білікті ұстаз осы мектептен зейнеткерлік демалысқа шыққан. -Ардагер әріптестеріміздің мағыналы да мазмұнды өмір жолдарында ұлағатты ұстаз атанып, өмір асуларынан аман асып, әдемі қарттық кезеңге жеткен, ұрпақтары өсіп-өніп, өркен жайған алып бәйтерекке айналып, үлкен бір әулеттің ақылшы тірегі, арқасүйері болып отырғандарына куә болдық. Кездесу кезінде өткен өмір жолдарынан естеліктер айтып, өткен бір уақыттарға қайтып оралғандай да болған қариялар біздің бұл ісімізге бек риза болып, қуанып қалды, алғыстарын жаудырды. Оларға сондай көңіл-күй сыйлағанымызға өзіміз де қуанып, әлі де дендеріне саулық, ұзақ ғұмыр, әулеттеріне баянды бақыт тілеп, құттықтау хаттарымыз бен сый-сыяпаттарымызды табыс еттік, олардың ғибратты ғұмыры жастарымызға үлгі бола бергей деп қоштастық,-дейді «Атырау облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Исатай аудандық комитеті» филиалы төрайымы Қарлыға Дүзбаева. Жыл тоғысындағы жылылыққа толы осынау жүздесу ұлағатты ұстазға құрметтің, үлкенге ізеттің жарқын бір көрінісі десе де болғандай.

Сағыныш Қайыр

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT