Білім беру саласында көп жыл еңбек еткен маман, басшы ретінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бүгінгі шараларға көңілім толатынын айта кеткім келеді. Әр баланың мектепке барып, білім алуы барысында өзін қауіпсіз сезінуі – мемлекет пен қоғам алдындағы ең маңызды міндеттердің бірі.
Қазір білім беру мекемелерін Жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылау жүйелерімен 100% қамту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды оң бағалаймын. Бұл бастама тек мектеп ішінде ғана емес, оның аумағында да қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Балалардың мектепке бару және үйге қайтуын ұйымдастыру да ерекше назар аударуды қажет етеді. “Мектеп автобусы” жобасы аясында өткен жылы 23 автобус сатып алынса, биыл тағы 21 көліктің алынғаны – бұл бағыттағы жұмыстың жүйелі жүріп жатқанын көрсетеді. 60 елді мекендегі 5 821 оқушының тасымалмен қамтылуы ата-аналар үшін үлкен қолдау әрі балалардың өміріне деген қамқорлықтың көрінісі. Осы сияқты тың бастамалар мен нақты қадамдар білім беру саласында қауіпсіз және қолайлы жағдай жасауға ықпал етуде. Бұл істердің нәтижесінде өскелең ұрпақтың сапалы білім алумен қатар, денсаулығы мен өмірі қауіпсіз ортада қамтамасыз етілетініне сенімім зор.
Фаруза ШАНГЕРЕЕВА,
білім саласының ардагері