ЕЛІМІЗДЕ «ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ» ДЕП ЖАРИЯЛАНҒАННАН БАСТАП ОСЫ МАҢЫЗДЫ ІС-ШАРАНЫ ДҮЙІМ ЖҰРТҚА ТОЛЫҚҚАНДЫ ЖЕТКІЗУ, ЕҢБЕК АДАМДАРЫН ДӘРІПТЕУ, ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРЫН НАСИХАТТАУ БАҒЫТЫНДА ГАЗЕТІМІЗДЕ КӨПТЕГЕН МАҚАЛАЛАР ЖАРЫҚ КӨРДІ. МАҚАЛАНЫ ДАЙЫНДАУ БАРЫСЫНДА ЖҰМЫСШЫ МАМАНДАРМЕН КЕЗДЕСІП, СҰХБАТТАСЫП, ОЛАРДЫҢ ЕҢБЕГІНІҢ ҚОҒАМ ҮШІН МАҢЫЗДЫЛЫҒЫН КӨРСЕТУГЕ ТЫРЫСАМЫЗ. БҰЛ ЖОЛЫ ДА СОЛ ӘДЕТІМІЗБЕН СІЗДЕРГЕ БЕЙНЕТІ КӨП, БІРАҚ КӨПШІЛІККЕ БЕЙМӘЛІМ ТАҒЫ БІР ЕҢБЕК АДАМЫН ТАНЫСТЫРМАҚПЫЗ.
Аудан орталығында Жайық бойынан орын тепкен «Махамбет балық қорғау инспекциясы» бөлімінің жұмыс жасайтынын жақсы білесіздер. Іргетасы қаланғанына жарты ғасырдан асқан аядай ғимаратта отырған мамандардың табиғат ресурстарын қорғауда жасап жатқан жұмыстары ауқымды. Бізді бөлім басшысы Бектұрған Сұпығалиев жылы қарсы алып, алдымен жұмыс барысымен таныстырып өтті.
- Бөлімде 8 мемлекеттік және 8 техникалық қызметкер жұмыс жасайды. 4 автокөлік, 2 ілмелі моторлы өзен қайығы, кіші өзен кемесі бар. Аудан аумағына қарасты Талқайран елді мекенінен бастап Атамбаев елді мекеніне дейінгі аралықта мамандарымыз су көліктері арқылы заңсыз балық аулау фактілерін анықтау, балық қорғау, қадағалау жұмыстарын үздіксіз жүргізіп отырады. Жыл басынан бері балықты заңсыз аулағаны үшін 149 әкімшілік құқық бұзушылық фактілері тіркелді. Оның ішінде 59 азаматтың 55-іне Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 383 бабының 1 бөлігімен 5-10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. 4 іс өрескел бұзғаны үшін сотқа жолданып, 298 852 теңге айыппұл өтелді. Жалпы жыл басынан бері салынған айыппұлдардың 90 пайызы мемлекетке өндіріліп отыр. Сонымен қатар «Таза жағалау», «Таза су айдындары» және «Мөлдір бұлақ» акциялары аясында жағалауды, жыраларды қоқыстардан тазалау, балықтардың су айдындарына емін-еркін өтуіне жағдай жасау бағытында жергілікті атқарушы органдар өкілдері, балық шаруашылығы субьектілері, еріктілердің көмегімен бірлесіп жұмыстар жүрізілді. Нәтижесінде жыл басынан бері 11 тонна қоқыс қалдықтары шығарылып отыр. Көктем- күз айларындағы жұмыстарымыздан бөлек, қыс мезігілінде мұз астындағы балықтардың тұншығып қалмауына тексеру жұмыстары жүргізіліп, мелорициялық іс-шаралар жасалады. Бөлім мамандарының уақытпен санаспай жасаған жұмыстарының нәтижесінде биыл 9 653 630 дана шабақ құтқарылды, - дейді бөлім басшысы.
Бөлім басшысы атап өткендей, мұндағы жұмыстардың басым бөлігі КС «Күзетші-021» су кемесі арқылы жүргізіледі. Су көлігінің күнделікті жұмысқа сақадай сай тұруы, мамандардың қауіпсіздігін сақтай отырып, діттеген жерге уақытында жеткізуге тікелей жауапты кеме капитаны – Арал Өтепбергенов. Отыз жылдан аса уақыт су үстінде жүріп, осы салаға әбден бауыр басқан ол кемені екінші үйіндей көреді.
- 1974 жылы Махамбет ауылында дүниеге келдім. «Рыбтехникумда», «Агроколледжде» оқып, білім алдым. Отан алдындағы борышымды өтеп келгеннен кейін 1995-1999 жылдары Каспий теңізіндегі «Казрыбфлот» мекемесінде матрос, электрик, слесарь болып, қызмет еттім. 2004-2021 жылдар аралығында «Атырау су жолдары» мекемесінде кеме капитанының көмекшісі болдым. 2021 жылы осы «Махамбет балық қорғау инспекциясы» бөліміне механик болып орналасып, бір жылдан кейін кеме капитаны болып тағайындалдым. Қанша дегенмен Жайық жағасында өсіп-өнген мен үшін бұл сала жаныма жақын болды. Әлбетте қай мамандықтың болмасын өзіне тән қызығы мен қиындығы бар. Сырт көзге кемені жүргізу оңай көрінгенімен өзіндік қиындықтары да жоқ емес. Бейберекет бағыт жоқ, әр қозғалысың есеппен, ережемен, белгілі бір тәртіппен жүреді. Ауа райының күрт бұзылуы, техникада қандай да бір ақаулықтар туындаса, қауіп-қатермен бетпе-бет келеміз. Ондай сәтте өзіңнің де, өзгелердің де қауіпсіздігін сақтауың керек. Кемеде менен басқа механик, матрос және инспектор мамандар жүреді. Жаздың шіліңгір ыстығында, күздің қара суығында өзен үстінде жүреміз. Кейде кемеде 3-4 күн қонуға тура келетін кездер де болады. Соған орай кемеде барлық жағдай жасалған, - дейді кеме капитаны Арал Өтепбергенов.
Сұхбатымызды аяқтап, капитанның екінші үйін өз көзімізбен көрмекке бөлім басшысы, инспектормен бірге Жайық жағасына бет алдық. Жып- жылы жерден шыққан маған күздің суық желі әрі судың салқындығы бірден сезіліп, дірдек қаға бастадым. Жанымдағыларға қарасам тоңғаны білінбейді. Күнделікті жұмыстары болғандықтан еттері әбден үйреніп кеткенге ұқсайды.
Кеме ішінде 4 кісілік демалатын орын, тамақ дайындауға арналған арнайы құрал-жабдықтары орналасқан шағын бөлмесі бар. Ал кеме жүргізушінің отыратын жері мен тынығытын орны бұдан да шағын. Кеме капитаны Арал Өтепбергеновтің рөлге жайғасқан сәтін суретке түсіріп үлгердік. Бөлім қызметкерлері қонаққа деген құрметін көрсетіп, лезде ыстық шәйларын дайындап әкелді. Тоңып келгенде буы бұрқыраған ыстық шай ішкенге не жетсін?! Осы арада бөлім басшысы Бектұрған Сұпығалиев бүгінгі біздің мақаламызға арқау болып отырған кеме капитаны жайлы әңгімелеп берді.
- Кеме капитаны болу - үлкен жауапкершілікті, мол тәжірибені және батылдықты талап етеді. Осы қасиеттерді бойына жиған біздің Арал Амангелдіұлы – өз ісінің кәсіби шебері, тез арада тиянақты шешім қабылдай білетін тәжірибелі маман. Артық сөзге жоқ, берілген тапсырманы бұлжытпай орындайды. Әріптестері арасында сыйлы болса, отбасында адал жар, ардақты әке. Жұбайы Гүлбану екеуі 4 бала өсіріп, тәрбиелеп отыр. Қыздарының алды Дильназ мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, медицина саласына гранттық негізде оқып жатыр. Аралдың тағы бір қыры жастайынан спортты серік еткен, хоккейден аудандық ардагерлер құрамасының мүшесі. Жарыстарға белсенді қатысып, жүлделер еншілеп жүр. Оның саладағы көп жылғы еңбегі еленіп, шілде айында өткен кәсіби мерекемізде облыстық мәслихат аппараты басшысының Алғыс хатына ие болды. Қазіргі таңда жастар жағы кәсіптік бағытта білім алуға көп қызыға бермейді. Қоғамда көп елене бермейтін, осындай қарапайым мамандық иелерінің еңбегін насихаттау – өсіп келе жатқан өскелең ұрпақтың қызығушылығын оятуға сеп болады деп сенеміз, - дейді Бектұрған Әбілхайырұлы.
Расында қазір мамандықтың түрі көп. Бірақ сол көптің ішінен өз жолын тауып, елге адал қызмет ететін маманды нағыз еңбек адамы десек болар. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де – дәл сондай. Өмір кемесінде бағытын жаңылмай тапқан еңбек адамына қоғам болып алғыс айтуымыз керек!
Б.САПАРОВА