Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Атырау халықаралық әуежайы «Ашық аспан» режиміне қосылды

Х.Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайы алдағы уақытта «Ашық аспан» режимінде жұмыс істейді. Жергілікті атқарушы орган Көлік министрлігімен бірлесіп, үкіметтің қолдауымен аталған режимді алу мәселесін шешті.  Бұл жөнінде Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев айтты, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жалпы мұндай режим әуежайдың дамуы мен аймақтық экономикаға айтарлықтай әсер етіп, халықаралық және ішкі рейстер санының артуына, Батыс Еуропа, Таяу Шығыс, Азия сияқты маңызды бағыттармен тікелей әуе байланыстарын орнатуға жол ашады. Әуе компанияларының арасындағы бәсекелестіктің күшеюіне әсерін тигізіп, билет бағаларын төмендетуге ынталандырады. Жүк тасымалын дамытып, шетелдік инвестицияны көбірек тартуға мүмкіндік береді. Биыл қазіргі әуежайдың жанынан жаңа әуежай кешенінің құрылысы басталады. Инвестициялық жоба  аясында жаңа аэровокзал кешенінің ауданы 16.500 шаршы метрді құрайды. Шетелдік компания  нысанды 3 жаңа телескопиялық траппен жабдықтайды. Сондай-ақ ұшу-қону аймағын едәуір кеңейту жоспарлануда.

- Өткен жылы инвестормен меморандумға қол қойылғаны баршаңызға белгілі. Әуежай құрылысы биыл басталып, келер жылы толық аяқталады деп жоспарлануда. Қазір қолданыстағы әуежайға жылына 1,2-1,3 млн жолаушыға қызмет көрсетілсе, жаңа терминал іске қосылғаннан кейін 6 миллионға дейінгі сапарлаушыны қабылдауға мүмкіндік туады, - деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев.

Бүгінде Атырау облысы әкімдігі мен QazAir Investments LLC арасындағы меморандум аясында әуежайды инвесторға сенімгерлік басқаруға беру бағытында жұмыстар атқарылуда. Жалпы салынатын жаңа әуежай логистикалық орталық ретінде дамып, Атырау мұнай-газ өнеркәсібі үшін маңызды хабқа айналуы мүмкін.Туризм саласының дамып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Жаңа халықаралық және ішкі рейстер ашылып, Атыраудың басқа қала-мемлекеттермен байланысы нығаймақ. Қазіргі уақытта Атырау халықаралық әуежайы аптасына 7 бағытта ішкі 89 рейсті жүзеге асырады. Ал халықаралық 6 бағыт бойынша аптасына 21 рейс орындалады

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT