Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Алаяқтан абай болыңыз

Алаяқтық – соңғы кездері жиі кездесетін қылмыстардың бірі деуге болады. Алаяқтың  негізгі мақсаты - өзі  құрбан етіп  отырған  адамды алдау.

Олардың, яғни алаяқтардың  уысына түскен адам  қолындағысын  өз еркімен  қалай бергенін  білмей де қалады. Себебі ол адам сырт көзге жинақы киініп, әдемі сөйлеп, адамның  іші-бауырына кіріп сөзге тартып, сеніміне кіріп өз мақсатын жүзеге асырады.

Алаяқтық – ол бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау, сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемдену болып табылады. Мүлік иесінің немесе өзге адамның алаяққа сенім артуы әртүрлі мән-жайларға негізделуі мүмкін, мәселен жеке таныстығы, туыстарының және өзге адамдардың ұсынымы бойынша, кінәлінің қызметтік жағдайы және тағы осыған ұқсас басқа да  жағдайлар.   Сондай-ақ, алаяқтық кезінде алдау ауызша, сонымен қатар жазбаша нысанда болуы мүмкін.    

Алаяқтардың жиі қолданатын тәсілдері қандай десек, ол «Кезексіз үй алып беремін, жоғары жалақысы бар жұмысқа тұрғызамын, балаңызды мемлекеттік грантқа оқуға түсіріп беремін» деген сөздеріне сеніп қалатындардың біздің қоғамда әлі де кездесетіні өкінішті. Тіпті соңғы кездері ғаламтор арқылы жасалатын, яғни онлайн алаяқтықтықтың  көбейіп бара жатқанын ашып айту керек.  біреудің атынан онлайн несие рәсімдеп, тақырға отырғызып кетушілердің көбейіп бара жатқаны жасырын емес. Алаяқтар банктің техникалық бөлімі қызметкері ретінде хабарласып, біреудің атынан онлайн несие рәсімдеу фактілері жиілеп тұр. Соның салдарынан азаматтар ірі сомадағы қаражатынан қағылып, қарызға батып жүргендер де аз емес. Бұл жағдай азаматтардың қаржылай сауатсыздығы мен сенгіштігінен орын алуда деп пайымдауға болады. Алаяқтардың құрбаны болмас үшін кез-келген ақпараттың анық-қанығына көз жеткізбей, ешқандай әрекетке бармау керек. Әлеуметтік желі арқылы келген хабарламаларға да сене беруге болмайды. Жеке мәліметтерді де ешкіммен бөліспей сақтаған жөн.

Алаяқтарға белгіленген жаза Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 190-бабында көзделген. 190-баптың 1-бөлігіне сәйкес алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемденген жандардың мүлкі тәркіленіп, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру  жазасы қарастырылған.    Ал, алаяқтықты бірнеше адам алдын-ала сөз айласып жасаса, адам өзінің қызметтік бабын пайдалана отырып жасаса, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық болса жаза жоғарыдағыдан қатаңдай түседі.

Аталған баптағы жазаның ең ауыр түрі,алаяқтықты қылмыстық топ жасаса және аса ірі мөлшерде жасаса мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе онсыз, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Осы алаяқтық қылмысының ең негізгі және өзіне тән қасиеті – бұл,   қылмыскердің алдау арқылы, ақша немесе өзге де мүліктің өз еркімен берілуіне қол жеткізуінде. Сондықтан, құжаттарды рәсімдеуде, несиелер мен тұрғын үй, әлуметтік көмек алуда және тағы басқа да күмәнді қызметтерді ұсынатын бейтаныс адамдарға сене бермей, яғни алаяқтың арбауына түсуден сақтану өз қолыңызда екенін есте сақтайық.

Айдын БАЙНАЗАРОВ,

                                  Қызылқоға аудандық

сотының төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT