Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Мамандығына адал медбике

Шерхан Мұртаза өзінің «Дәрігердің үшінші қаруы» кітабында «дәрігерлердің үш қаруы бар. Оның алғашқысы – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – жылы сөз» деген екен.

 Президентіміз биылғы жылды "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жариялады, соған орай қырық жыл бойы осы саланың ыстығы мен суығына төзген жандардың бірімен сұхбат жүргізген болатынбыз.

– Алдымен, өзіңіз туралы айта кетсеңіз.

– Мен, Меңдіғалиева Назымгүл Махмудқызы 1964 жылы 12 қазанда Құрманғазы ауданы, Шортанбай ауылында балықшылар жанұясында дүниеге келдім. Отбасымда он баланың бесіншісімін. Ал, өзім 1985 жылы Атырау медицина колледжін тәмамдап, сол жылы мамандығым бойынша Хиуаз ауылдық амбулаториясына медбике болып жұмысқа тұрдым. Сол уақыттан бері табандылықпен еңбек еткеніме міне, тура қырық жыл болған екен. Осы атқарған қызметімнің арқасында 2006-2019 жылдары аталған мекеменің аға медбикесі болдым. 2024 жылы ауылдың «Үздік медицина қызметкері» номинациясын алдым. Жұбайым Шамбузов Ақылбай Зайырұлы мал фермасында ұзақ жыл зоотехник, ферма меңгерушісі болып жұмыс жасады. Өкінішке қарай, 2010 жылы дүниеден өтті. Онымен 1987 жылы отбасын құрып, үш қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірдік. Қазіргі таңда олардың барлығы – жоғары білімі бар азамат пен азаматша.

– Медицина саласын таңдауыңызға не себеп болды?

– Бірде бала кезімде қатты суық тиіп ауырғаным есімде. Сол кезде аурханаға жатып емделгенмін. Сонда мені емдеген мұнтаздай таза ақ халат пен қалпақ киген дәрігерлерді көрдім. Сол сәттен бастап «мен де осы жандар секілді болсам ғой» деген балалық арманым пайда болды. Міне, сол кездегі арманым кейін орындалып, ұлы мақсатыма айналды.

– Кәсіби жолыңызда қандайма бір қиындықтар болды ма, оларды қалай жеңдіңіз?

– Алғаш осы салаға келгенде небәрі жиырма жастан енді асқан бойжеткен едім. Алғашында, мені аудан орталығынан 200 шақырым жердегі Қарағайлы медпунктінің меңгерушісі етіп қырға жіберген. Қасымда дүкенші мен кітапханашы ғана болдық. Үшеуміз ол жақта киіз үйде тұрдық. Қиғаштың жағасында балықшы ауылда өскен маған малшы ауылдарда жұмыс істеу басында шынымен қиындау болды. Себебі, қыр бойында орналасқан барлық үйлерді аралаймыз. Кейді тіпті, жүк көлігі немесе трактор жолымызда кездессе соған отырып, баратын жерге дейін жетіп алатын едік. Дегенмен де, көбіне жаяу баратынбыз. Айына бір рет аудан орталығына келіп, есеп беріп кететінбіз. Сөйтіп, еліміз өз тәуелсіздігін алған соң қырдағы учаскелер де біртіндеп жабылды. Ол жақтағы малшылар да өз ауылдарына оралды. Содан бері ауылдық медпунктте жұмыс жасаймын. Қай-қай мамандықтың болмасын өз алдына қиыншылығы бар. Бастысы, мамандығыңа деген адалдық және саған сенім артқан ата-анаңның үміті. Еліміз жылдан жылға өсіп-өркендеп жатыр. Сонымен қатар медицина саласы да қарыштап дамуда. Оған мысал, заманауи құрылғылар, әр округтегі су жаңа жедел жәрдем көлігі, бұның барлығы – осы саланың бет-бейнесі. Айта кеткен жөн болар, біз отырған қазіргі медпункт ғимараты да 2014 жылы жаңадан салынып, пайдалануға берілді. Басшымыз – жалпы тәжірибелі дәрігер Айжан Садыққызы.

– Алғаш науқасқа көмек көрсеткен кезіңіз есіңізде ме? Қандай әсерде болдыңыз?

– Біз қазір 24 сағат үздіксіз жұмыс жасаймыз десек те болады. Түнде барынша сергек ұйықтауға тырысамыз. Өйткені, «ауру айтып келмейді» деген сөз бар. Науқастар кез келген сәтте шақыруы мүмкін. Осы сәтте басымнан өткен бір оқиғаны айтып кетейін. Ол кезде мен алғаш рет жұмысқа кезекшілікке тұрдым. Сағат шамамен үш пен төрттің арасы. Ұялы телефон деген нәрсе атымен жоқ. Бір кезде үйдегі телефонға қоңырау түсті, жедел жәрдем жүргізушісіне хабарластым. Сонымен не керек, жолға шықтық, астымызда «ГАЗ-66» көлігі. Кезекті бір науқастың үйіне аттандық. Барсақ, аяғы ауыр келіншек екен, жағдайын тексеріп шықтым. Сөйтсе, ауруханаға жететін жағдайда емес. Одан не керек, өзімнің іске кірісуіме тура келді. Яғни, әлгі әйелді сол жерде аман-есен босандырып, сәбиін қолына ұстатып, аудандық перзентханаға жеткізген кезім әлі есімде. Еңбек жолымдағы есімде қалған алғашқы көмектердің бірі осы еді.

– Айтыңызшы, жақсы медицина қызметкері қандай қасиетке ие болуы керек?

– Бұл айтылып отырған медицина саласы әскери қызмет секілді. Өйткені, неше түрлі жағдайларға дайын бола білу қажет. Атап айтсам, жол-көлік оқиғасы, өз-өзіне қол жұмсау секілді жайттар көптеп кездесіп отырады. Міне, осындай сәттер ерекше батылдықты қажет етеді. Ал, керісінше, кішкентай нәрестелерге ауруға қарсы жоспарлы екпе салу кезінде мейірімді, жүзіңіз жылы болғаны дұрыс.

– Жұмыс пен жеке өмірге қатар қалай үлгересіз?

– Алғаш отбасын құрған уақыттарда ата-енеммен тұрдық. Балаларымды үйде енем бағып қалатын. Менің жолдасым да көп балалы жанұядан. Үйде менен басқа тағы екі абысыным болатын. Үшеуміз үй шаруасын бөлісіп атқаратынбыз.

– Жанұяңыз қауырт қызметіңізге қалай қарайды?

– Мен секілді осы салаға қызығып, жолымды қуған екі қызым бар. Екінші қызым Айжан Шамбузова Атыраудағы медицина колледжінің медбике ісі мамандығын аяқтап, жұмыс жасады. Кенже қызым Ардақ Зайырова Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы медицина университетін бітірді. Қазіргі таңда ол Орлы ауылдық амбулаториясының жалпы тәжірибелі дәрігері.

– Бүгінгі мен бұрынғы медицинада қандай айырмашылықтар бар?

– Бұрынғы кездері дәрігерлердің басты мәселесінің бірі – қағазбастылық болатын. Барлық дерлік есеп-қисап қолмен жазылатын. Қазір компьютердегі «Damu.med» бағдарламасы бойынша жұмыс атқарамыз. Сонымен бірге жаңа жоғарыда айтып өткенімдей, бұрындары науқастарға жаяу баратын болсақ, бүгінде әрбір ауылда жедел жәрдем бар немесе «103» нөміріне қоңырау шалсаңыз, дәрігерлер дереу қасыңыздан табылады.

– Жас мамандарға айтар ақыл-кеңесіңіз болса...

– Әрқашан да айтарым, ізденісте болу керек. Жоғары білім аламын деп талпынған жанға қазір мүмкіндік өте мол. Қазақстанда бұл сала үшін жаңа технологияларға жол ашылуда. Осылардың барлығын біліп, үйренген жақсы. Осы жерде айта кету керек, жастар ауылға барғысы келмейді, көбінесе білім алған қаласында қалып қойып жатады. Дегенмен де адамның кіндік қаны тамған жерге маңдайының тері де таму керек деп ойлаймын. Сондықтан елге қызмет қылуды алдымен туған жерден бастаған дұрысырақ.

– Бос уақытыңызды қалай өткізгенді жөн көресіз?

– Көбінесе уақытымды немерелеріме арнаймын. Ауылымызда Хиуаз саябағының айналасы жасыл желекке толы. Сол жерге кешкі серуенге шығып тұрамыз. 2021 жылы жаңа мәдениет үйі салынды. Ауыл өнерпаздарының концерті мен жергілікті халық театрының спектакльдерін тамашалауға да жиі барып тұрамыз.

– Ендеше, біз де сізге зор денсаулық тілейміз, мерекеңіз құтты болсын!

Сұхбатты жүргізген

Әділет ҚАНАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT