Дүйсенбі күні «Арман» мәдениет үйінде «Dastur Fest» жобасы аясында «Жігітке жеті өнер де аз» атты аудандық өнер фестивалі болып өтті. Оған Сағыз (екі қатысушы), Ойыл, Көздіғара, Тасшағыл, Жамбыл ауылдық округтерінен барлығы алты үміткер қатысты. Жігіттер таныстыру, сұрақ-жауап, өнер көрсету, асық ату, кір тасын көтеру, қол күресі бөлімдері бойынша сынға түсті.
Алғашқы бөлімде тасшағылдық Мырзахан Бақтығали, сағыздық Рафхат Бекболат және жамбылдық Ерасыл Аманғалилар сәтті өнер көрсетіп, көрерменнің көңілінен шықса, сұрақ-жауап бөлімінде көздіғаралық Әділбек Кәрім мен сағыздық Жасұлан Қайрақұлы тапқырлығымен танылды. Алайда, дәл осы бөлімде кейбір қатысушылар ат әбзелдері мен жеті қазынаны атау сияқты қарапайым сұрақтарға жауап таба алмай, күмілжіп жатты. Сол сияқты өнер көрсету сайысында бірі домбырамен, бірі эстрадалық бағытта ән айтса, енді бірі өзі шығарған өлеңін оқыды. Яғни, қатысушылар бұл бөлімде бір деңгейде өнер көрсетті. Десе де, көрермен күткендей спорттық-акробаттық бағытта өнерін паш еткен ешкім болмады.
Бұдан соң қатысушылар асық ату, қол күшін сынасу, кір тасын көтеру сайыстарында бақтарын сынады. Асық атудан ойылдық Естай Айтбай мергендігімен көзге түссе, қалған екі сайыста көздіғаралық қатысушы өз мықтылығын дәлелдеді. Осылайша, алты бөлімді қатысушылар бар шама-шарықтарынша орындап шықты. Нәтижесінде, көздіғаралық Әділбек Кәрім бас жүлдені жеңіп алып, облыстық байқауға жолдама алса, бірінші орынды тасшағылдық Мырзахан Бақтығали, екінші орынды ойылдық Естай Айтбай, үшінші орынды сағыздық Жасұлан Қайрақұлы жеңіп алды. Ал, жамбылдық Ерасыл Аманғали «Сері жігіт», тағы бір сағыздық қатысушы Рафхат Бекболатұлы «Өнерлі жігіт» номинациясымен марапатталды. Қатысушылар диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Аудандық деңгейде ұйымдастырылған бұл сайыс өз деңгейінде өткенімен көкейде біраз сұрақ қалып қойды. Әсіресе, сайысқа қатысушылардың аздығы көңілге кірбің ұялатқандай. Басқасын айтпағанда Миялы ауылынан бір жігіттің шықпауы аудан орталығы үшін үлкен сын. Одан бөлек, кешегі батырлар мен шешендердің тал бесігі саналатын Тайсойған мен Қарабау ауылдарынан, ең үлкен үш ауылдық округтің бірі саналатын Мұқырдан, аудан орталығына тиіп тұрған Жангелдиннен де бір де бір үміткер қатыспады. Бұл сонда мәдениетке немқұрайлы қараған округ әкімдері мен жергілікті клуб басшылығының кінәсі ма, әлде ол ауылдарда расымен де сахнаға шығатындай жігіттің сұлтаны болмағаны ма?!
Дулат МӘТЖАН