Алыс ауылдардың инфрақұрылымын жаңартып, ауыл халқына қажетті әлеуметтік нысандар салу – мемлекеттің басты міндеті екендігі айқын. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар ауданымызда да аз атқарылып жатқан жоқ. Соның бір жарқын дәлелі – Жамбыл ауылдық округінде ашылған спорт кешені. Аталмыш ауылда тұңғыш рет бой көтерген спорт кешенінің ашылу салтанаты өткен аптаның жұмасы күні өтті.
Оған аудан әкімі, аудан әкімінің орынбасарлары, жауапты бөлім, мекеме басшылары мен жергілікті тұрғындар қатысты. Онда сөз алған аудан әкімі Қанат Әзмұханов:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес спорт саласын дамыту бағытында ауданымызда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұрын тек Миялы мен Сағыз ауылдарында ғана спорт кешені болса, соңғы жылдары Тасшағыл мен Жасқайрат ауылынан жаңа нысандар ашылды. Биыл осы Жамбыл ауылдық округінен бөлек Қоныстану және Қарабауда спорт кешендері пайдалануға берілмек. Ал келесі жылы Жангелдин мен Тайсойған ауылдарындағы дәл осындай кешендердің құрылысын аяқтап, ашу жоспарлануда. Біз осылайша ауданның барлық ауылдық округін спор кешенімен қамтамасыз етпекшіміз, - деді.
Бұдан соң спорт кешенінің құрылысын жүргізген «АтырауСтройСтандарт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Қызылқоға балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Хисмет Қуанаевқа жаңа ғимараттың символикалық кілтін табыстады. Одан кейін аудан әкімі Қанат Әзмұханов пен 43 жыл ұстаздық еңбек өтілі бар ардагер-ұстаз, талай мықты шәкіртті тәрбиелеп шығарған білікті бапкер Рахмет Ғалияхметов спорт кешенінің лентасын салтанатты түрде қиды.
Лента қиылғаннан кейін аудан басшысы мен ауыл тұрғындары жаңа спорт кешенін аралап көрді. Заманауи нысанда спорт залы, жаттығу және күрес бөлмелері, киім ауыстыратын орындар мен жаттықтырушыларға арналған кабинеттер бар. Салтанатты ашылу рәсімінен соң ауыл тұрғындары жаңа нысанның ауылда бой көтеруіне үлес қосқан аудан басшылығына алғысын айтып, ақ баталарын берді.
Дулат БЕРІКҰЛЫ
                                    
            
    
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						

