Аудандағы мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесін кең көлемде өткізу мақсатында бір күндік шара өткізілді. Онда алдымен түске дейін «Кім жылдам?» атты спорттық шарасы өтіп, сала мамандары спортқа да бір табан жақын екендіктерін аңғартты. Ойынға «Мәдениет», «Кітапхана», «Театр» және «Музыка» командалары қатысты.
Алты кезең бойынша бақ сынаған командалар көңілді әрі тартысты ойын өрнегін көрсетті. Нәтижесінде, «Шұғыла», «Қаракөл» мәдениет үйлерінің қызметкерлерінен құралған «Музыка» командасы І орынды жеңіп алса, «Самал», «Шалқыма» мәдениет үйлері қызметкерлерінен құралған «Театр» командасы ІІ орынды, «Арман» мәдениет үйі қызметкерлерінен құралған «Мәдениет» командасы ІІІ орынды иеленді. Жеңімпаз-жүлдегерлерге алғыс хат пен медальдар табыс етіліп, қаржылай сыйлық берілді.
Одан соң «Арман» мәдениет үйінде мерекеге арналған салтанатты шара болып өтті. Онда алғаш болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев:
– Мәдениет саласының қашанда шоқтығы биік. Кез келген мемлекеттің өркендеуі сол елдің мәдениеті мен өнеріне байланысты. Ал мәдениет пен өнерді өрге жүздірген өркениетті елдер әрқашан алдыңғы қатардан көрінбек. Бүгінде аудандық мәдениет саласы дамып, аудан мерейін өсіріп келеді. Кеше ғана Атырау қаласында өткен Қызылқоға ауданының күндерінде аудан өнерпаздары өте керемет өнер көрсетті. Сіздерге әрдайым ризашылығымызды білдіріп, басымызды иеміз. Әрдайым аудан мәдениеті мен өнерін дамыту тұрғысында еселі еңбек ете берулеріңізге тілектеспін, -деді.
Содан соң аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Роза Әбілханованың кеудесіне «Еңбек даңқы» төсбелгісі тағылса, Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамотасымен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Гаухар Құрманғазиева мен аудандық орталық кітапхананың құжаттарды өңдеу және жасақтау бөлімінің меңгерушісі Гүлжамал Озғанбаева марапатталды.
Ал, Мұқыр ауылдық кітапхананың кітапханашысы Айман Ерғалиева мен «Ақжелең» фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі Зәуре Жұмағалиева алғыс хатқа ие болды. Сондай-ақ, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының алғыс хатымен Жангелдин мәдениет үйінің көркемдік жеткешісі Әділбек Құлбатыров марапатталып, «Арман» мәдениет үйінің музыкалық жетекшісі Нұрболат Нығметовке, «Самал» мәдениет үйінің қызметкері Ләззат Ташимоваға, «Халықтық» Қарабалиндер отбасылық ансамблінің көркемдік жетекшісі Дәурен Жекеновке алғыс хат табыс етілді.
Бұдан бөлек бір топ сала мамандары аудан әкімінің, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі басшысының алғыс хатымен марапатталып, ардагерлерге естелік сыйлық табысталды. Салтанатты шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Гүлмира МАҚСОТ