Алмалы ауылдық округі аумағында 100 шаршы метр, бір метр тереңдіктегі су айдынында 150-ге жуық мөңке балығының шабақтары құтқарылды. Балықтар Жайық өзеніне жіберілді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Сарыөзек су арнасында ауа-райының салқындауына байланысты беткі қабатта қар мен мұз жиналды. Бұл судың құрамындағы еріген оттегінің мөлшерін азайтып, балық шабақтарының бір жерге шоғырлануына әкеп соқты. Құтқару жұмыстарына 13 адам мен 4 техника жұмылдырылды. Оған Алмалы ауылдық округі, «Табиғат» мемлекеттік мекемесі және Атырау-Балық инспекциясы қатысты, - деді облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Бекзат Сәрсенғали.
Айта кетейік, Сарыөзек арнасы облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Табиғат» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына тиесілі.



