Біз, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері, еліміздің болашағы үшін тарихи жауапкершілікті терең сезіне отырып, жаңа Негізгі Заң жобасын бірауыздан және толық қолдаймыз. Қазақстан жастары үшін жаңа Конституцияны қабылдау ерекше маңызды, әрі шешуші мәнге ие.
Бұл – тек бүгінгі күнге ғана емес, ең алдымен келешек ұрпаққа арналған маңызды құжат. Бізге, жастар үшін, бұл – өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктерін кеңейтудің, қоғамдық өмірге белсенді қатысудың және ел дамуына жауапкершілікпен атсалысудың берік негізі. Конституция жобасы – адамды басты құндылық ретінде айқындайтын, кемелденген, орнықты мемлекеттің мәлімдемесі. Жаңа Негізгі Заңның өзегінде адамға бағытталған қағидат алынған. Мемлекет «Заң мен Тәртіп» қағидатына мызғымас адалдығын растайды, ал Әділетті Қазақстан идеясы бүкіл конституциялық құрылымның идеологиялық негізі ретінде қаланады. Стратегиялық басымдықтар ретінде адами капиталды, білім беруді, ғылым мен инновацияны дамытуды айқындау ұсынылады. Бұл тұжырымның астарында маңызды бағыт бар – елдің басты ресурсы ретінде білімнің рөлін күшейту. Бұл Қазақстанның қандай даму жолын таңдағанын және қоғам өмірінің негізіне қандай құндылықтар қаланатынын айқын көрсететін нақты белгі. Біз үшін Конституция жобасында жауапты әрі жасампаз патриотизм идеясының мемлекет негізін құрайтын басты қағидаттардың бірі ретінде көрініс табуы ерекше маңызды. Дәл осы жасампаз патриотизм, еңбекқорлық пен мақсатқа ұмтылушылық қазіргі жастар үшін табысқа бастайтын негізгі бағдар болуы тиіс. Осыған байланысты біз елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды бірауыздан қолдайтынымызды нық сеніммен мәлімдейміз және Қазақстан жастарын жаңа Конституция жобасын қолдауға шақырамыз.



