Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – полиция қызметінің күнделікті бақылауындағы маңызды бағыт. Аталған жағдайда полиция жедел әрекет етіп, жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және құқық бұзушыны заң аясында жауапкершілікке тартады.
Егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болсаңыз, ең алдымен 102 арнасына хабарласыңыз. Сіздің қоңырауыңыз міндетті түрде тіркеледі. Учаскелік полиция инспекторы сіздің арызыңызды қабылдап, оқиға орнында мән-жайды анықтайды. Егер қылмыс құрамы анықталса, жедел-тергеу тобы шақырылып, қылмыстық іс қозғалады. Егер әкімшілік құқық бұзушылық фактісі тіркелсе, құқық бұзушыға қорғау нұсқамасы шығарылады және ол ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Қорғау нұсқамасының талаптары түсіндіріліп, оның орындалуы полиция тарапынан бақылауға алынады. Агрессордың жәбірленушімен байланыс жасауына немесе қысым көрсетуіне жол берілмейді. Құқық бұзушы профилактикалық есепке қойылып, онымен тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Қайталама зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары қабылданады. Қажет болған жағдайда, Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері жәбірленушіні дағдарыс орталығына орналастырады.
Онда уақытша жәбірленушілерге медициналық, заңгерлік, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіледі. Жәбірленушінің денсаулығына зиян келген жағдайда медициналық сараптама тағайындалады. Бұдан бөлек, құқық бұзушылық орын алған отбасы профилактикалық есепке алынып, полиция қызметкерлерінің бақылауында болады. Түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қайталанудың алдын алу шаралары қабылданады. Ең бастысы – зорлық-зомбылыққа төзбеу және дер кезінде көмекке жүгіну. Сіздің қауіпсіздігіңіз – басты назарда.



