Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ұлмекен апаның ұмытылмас кеші

Ойыл ауылдық округіндегі «Шалқыма» мәдениет үйінде мәдениет саласының ардагері, ұзақ жыл аталмыш мәдениет үйінің директоры қызметін атқарған Ұлмекен Бердіғалиеваның «Өмірі өрнектелген өнерменен» атты шығармашылық кеші өтті.

Кешке аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім, мекеме басшылары, округ әкімі және ауыл тұрғындары қатысты. Кеш «Айзере» би тобының «Қазақ» биімен ашылып, артынша ЛЭД экраннан кеш иесінің өнегелі өмірі көрсетілді. Бұдан кейін Ұлмекен Алтынғалиқызы әріптес сіңлісі Айнұр Садуақасованың «Мерей той» әнімен сахна төріне көтеріліп, құрметті орынға жайғасты. Кешті «Арман» мәдениет үйінің әншісі Мейрамгүл Болатқызы жүргізіп отырды. Концерт барысында кеш иесі «Ауылым», «Сәулем-ай», «Алтыным» әндерін тамылжыта орындап, өзінің өмірі, өнері жайлы естеліктерінен сыр шертті.

Бұдан бөлек Ұлмекен апаның шәкірттері Айнұр Қосдәулетова, Ардақ Мұқанов, Манат Қабдиев, Қуат Жаймағамбетов, Ақсәуле Отаралиевалар ұстазына әннен шашу шашса, Атырау қаласынан арнайы келген кеш қонағы, мәдениет саласының үздігі Кәмшат Тоғаева «Қайтар маған», «Замандастарым» әндерін нақышына келтіре орындап, ауыл кітапханасына өзінің жазған «Сценарийлер» атты кітабын тарту етті. Әнмен өріліп, бимен көмкерілген керемет кеш барысында сахна төріне көтерілген аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев құттықтау сөз сөйлеп, кеш иесіне аудан әкімінің алғыс хатын табыстап, иығына оюлы комзол жапты. Сондай-ақ, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Болат Салықов, Ойыл ауылдық округінің әкімі Мағжан Жексенов, замандас құрдастары атынан күйші Ишанберген Қонаров, інісі Парасат Алтынғалиевтар сөз сөйлеп, игі тілектерін білдірді. Кеш соңында немерелері Жанель, Кәусар Парасатқыздары «Әжетай» әнін орындап, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Дулат БЕРІК

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521