Махамбет ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және табиғи ортаны қорғау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Соның бірі – Талдыкөл ауылында қолға алынған жағалауды бекіту жобасы. Аудан әкімдігінің тапсырысымен ауыл маңындағы жағалауды бекіту жұмыстары қайта жанданып, қазіргі таңда 2 шақырымға жуық аумақта құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл шараның негізгі мақсаты – көктемгі су тасқынының алдын алу, жағалауды нығайту және елді мекен аумағын су шайып кету қаупінен қорғау. Жоба «Таза Қазақстан» акциясының негізгі бағыттарымен үндесіп, қоршаған ортаны қорғау, табиғи тепе-теңдікті сақтау және тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, арнайы техника мен білікті мамандар жұмылдырылған. Жағалауды бекіту жұмыстарының нәтижесінде жердің шайылу қаупі азайып, су арнасының тұрақтылығы сақталады. Бұл өз кезегінде ауыл инфрақұрылымын қорғауға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, аталған жұмыстар елді мекен аумағын абаттандыруға және экологиялық жағдайды жақсартуға оң ықпал етпек. Бүгінде жұмыс барысы аудан әкімдігі тарапынан тұрақты бақылауда. Алдағы уақытта да «Таза Қазақстан» акциясы аясында табиғатты қорғау, аумақтарды абаттандыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған шаралар жалғасын табатын болады.



