Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«БЕС САУСАҚТЫҢ» ӘДЕМІ КЕШІ

Қашанда өнерлі жастардың өз қарым-қабілетін шыңдап, биік шыңдарға ұмтылуы көңілге көрік ұялатады. Бұл ретте, «Жайдарман» ойындарына деген қызығушылықтарымен көзге түсіп, көрермен ықыласына бөленіп келе жатқан «Бес саусақ» командасының шоқтығы биік.

Бұл команданың құрылуына  қаңтар айындағы «Маями» командасының ұйымдастыруымен өткен «Миялы кубогі» септігін тигізді. Содан бері әдемі әзіл, қағытпа қалжыңы арқылы көрермендер көзайымына айналған аталмыш  команда ауданда алғаш құрылған қыздар командасы ретінде танымал. Ендеше, олардың өнерлерін жұртшылыққа кеңінен паш етсе керемет емес пе?!

Жақында,  «Арман» мәдениет үйінде Б.Аманшин атындағы орта мектептің ұйымдастыруымен «Бес саусақ» командасының «Бес саусақ шақырады» атты концерттік бағдарламасы болып өтті. Қазіргі таңда аталған  команда  облыстық «Жайдарман» ойыны «Әдемі маусымының» финалистері атанып үлгерді.

– Бұл ойын адамның ойын ұштап, шығармашылыққа баулиды. Көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, ойландыратын ойын. Біздің осындай алғашқы баспалдағымызды қолдаған барша өнер сүйер қауымға алғысымыз шексіз. Алдағы уақытта бұл шарамызды дәстүрлі түрде өткізуді қолға аламыз, - дейді аталмыш команда капитаны Сабина Кәдір.

Шарада әдемі әзілмен қоса, бишілер ұйғыр, қазақ, испан билерін билеп берсе, күйшілер күмбірлете күй тартып, әншілер тамылжыта ән шырқады. 

Ендеше, ел болашағын дамытар, халқының қамын жейтін еңбекқор, білімді,  өресі биік жайдарманшыларымыз көбейе берсін демекпіз.

Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА

 

               

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT