Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) – 2020 жылдан бері елімізде қолданылып келе жатқан денсаулық сақтауды қаржыландыру моделі. МӘМС Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне, табысына қарамастан, тең дәрежедегі медициналық және дәрілік көмекті қамтамасыз етеді. Бір сөзбен айтқанда – бұл тұрғындарды ауру, жарақат, жүктілік, бала туу, мүгедектік, кәрілік жағдайындағы әлеуметтік қорғау үлгісі.
МӘМС қоры жұмыс берушілердің жарнасы, азаматтардың аударымы және мемлекет төлемі есебінен жинақталады. Бұл қаражат сақтандырылған азаматтарға көрсетілетін кеңейтілген медициналық қызметтер тізбесін қаржыландыруға бағытталады. Жүйе енгізілген сәттен бастап оған қатысты түрлі көзқарастар қалыптасты. Соған қарамастан, медициналық сақтандыру жүйесі елдің денсаулық сақтау саласындағы ауқымды әрі маңызды реформалардың бірі болып табылады. Оның негізгі мақсаты – азаматтарды күтпеген медициналық шығындардан қорғау. Бұрын жоғары технологиялық медициналық қызметтер, күрделі диагностикалық тексерулер мен кейбір оталар азаматтардың өз қаражаты есебінен төленетін, ал тегін медициналық көмектің көлемі шектеулі болды. Бүгінгі таңда медициналық қызметтердің тізбесі едәуір кеңейіп, олар медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен тегін көрсетілуде. Дүние жүзінде медициналық сақтандырудың мінсіз моделі жоқ. Әрбір мемлекет өз жүйесін елдің ерекшеліктеріне, қажеттіліктеріне, өмір сүру деңгейіне және халықтың сұранысына бейімдейді. Жаңа модель бастапқы кезеңде бірден ең жоғары тиімділікті көрсете бермейді, сондықтан жүйе өзекті талаптарға сәйкес кезең-кезеңімен жетілдіріліп, түзетіліп, жаңартылып отырады. Бүгінгі күні медициналық сақтандырудың арқасында Қазақстан азаматтары үшін жоғары технологиялық медициналық көмек, зертханалық талдаулар, медициналық оңалту, мамандардың консультациялары сияқты көптеген қызмет түрлері қосымша төлемсіз қолжетімді болып отыр. 2019 жылы, МӘМС жүйесі іске қосылар қарсаңында, Қазақстандағы денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі 1 трлн теңгені құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 3,0 трлн теңгеге дейін жетті. Денсаулық сақтау саласы мемлекет үшін ауқымды қаржылық жүктеме болып саналады.
Медициналық сақтандыру қоры болмаған жағдайда бұл салада жүйелі даму мен сапалы медициналық көмекті қамтамасыз ету күрделене түсер еді. Осы тұрғыда Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі денсаулық сақтау саласының тұрақты әрі тиімді дамуына маңызды үлес қосып отыр. МӘМС қорының қаражаты есебінен медициналық ұйымдар заманауи технологияларды енгізіп, жоғары тиімді емдеу әдістерін игеруге мүмкіндік алуда. Бұл өз кезегінде медициналық қызметтердің сапасын арттыруға және халық үшін олардың қолжетімділігін кеңейтуге ықпал етеді. Жұмыс істейтін азаматтар табысының небәрі 2 пайызын аудара отырып, өздерінің ғана емес, зейнет жасындағы ата-аналарының, кәмелетке толмаған балаларының да медициналық көмек алуына кепілдік жасайды. Сонымен қатар, әрбір азамат болашақта қартайған шағында мемлекет тарапынан қажетті медициналық қолдауға ие болатынына сенім арта алады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі – азаматтардың әлеуметтік қорғалуын күшейтіп, елдің денсаулық сақтау саласын жаңа сапалы деңгейге көтеруге бағытталған маңызды тетік. Жарнаны кім төлеуі керек және одан бас тартуға бола ма? Жарна төлеуден бас тартуға болмайды, оны барлық еңбекке қабілетті азамат төлеуге міндетті. Мемлекет өз бетінше сақтандыру төлеуге мүмкіндігі жоқ адамдарға қамқорлық жасап, 15 санаттағы азаматтар үшін жарна аударады. Ол тізімге балалар, зейнеткерлер, мүгедектер, жүкті әйелдер, студенттер, мерзімді әскери қызметшілер кіреді. Белгілі болғандай, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қаражатты жұмыс берушілерден, жұмыскерлерден және мемлекеттен жинақтайды. Жиналған қаражат халыққа медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымдарды қаржыландыруға бағытталады. Яғни, түскен барлық қаражат тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетін қаржыландыруға жұмсалады. Қаржыландыруды жоспарлау барысында халық саны, сырқаттанушылық деңгейі, медициналық қызметтерге деген сұраныс және басқа да факторлар ескеріледі.
2025 жылы Атырау облысының денсаулық сақтау саласының жалпы бюджеті 82,3 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 37,6 млрд теңге – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен, ал 44,7 млрд теңге – тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында бөлінді. Салыстыру үшін айтсақ, 2019 жылы өңірде 63 медициналық ұйым қызмет көрсетіп, қаржыландыру көлемі 27 млрд теңгені құраған болса, 2025 жылы медициналық ұйымдар саны 79-ға жетіп, қаржыландыру көлемі 82,3 млрд теңгеге дейін өсті, яғни шамамен үш есе артты. Бұл өз кезегінде салада қолайлы бәсекелестік ортаның қалыптасуына ықпал етіп, жеке медициналық ұйымдардың қызмет көрсетуін кеңейтуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде медициналық тексеру мен емдеу сапасы да айтарлықтай жақсарып отыр. Жоғары медициналық көмек алу үшін не істеу қажет? Әрбір азамат медициналық көрсеткіштер бойынша жоғары технологиялық медициналық көмек немесе қызмет ала алады. Мұндай көмектің басым бөлігі МӘМС жүйесі арқылы қамтылады. Оған құны миллиондаған теңге тұратын нейрохирургиялық операциялар да кіреді. МӘМС жүйесінің басты артықшылығы да осында – бірлескен жарналар есебінен жоғары технологиялық көмек әр адамға қолжетімді болады. Жоғары технологиялық медициналық көмекті МӘМС арқылы алу үшін азаматтың «Сақтандырылған» мәртебесі болуы жеткілікті. Бұл мәртебе кейінгі 12 айда берешек болмаған жағдайда немесе бір жылға алдын ала жарна төленгенде беріледі. Бұл статус соңғы төлем жасалған айдан бастап 3 ай бойы сақталады, алайда жарна төлеу тоқтатылса, осы кезең ішінде қарыз жинала бастайды. Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін жетілдіру бағытында маңызды заң қабылданды. Бұл заң халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарын, әсіресе әл-ауқат деңгейі дағдарыстық және шұғыл жағдайда тұрған азаматтарды медициналық көмекпен қамтуды кеңейтуге бағытталған. Жолдауда әлеуметтік осал топтарға көбірек қолдау көрсету туралы айтылды. Өзгерістердің бір бөлігі бүгінде күшіне енген, ал кейбірі 2026 жылы, тағы бірқатары 2027 жылы қолданысқа енгізілмек. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап скринингтік тексерулер барлық азаматтар үшін, сақтандыру мәртебесіне қарамастан, тегін жүргізіле бастады.
Бұл – ауруларды ерте кезеңде анықтап, емдеуге мүмкіндік береді. Қабылданған заң шеңберінде 2026 жылы МӘМС жүйесі жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен дағдарысты және шұғыл әл-ауқат деңгейі (Д және Е санаттары) бар 1 миллионға жуық адамды қосымша қамтитын болады. Халықтың осы санаттары үшін жарналар осы азаматтардың медициналық көмекке жүгіну фактісі бойынша жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін болады. Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органның жұмыссыздық деңгейін төмендету және халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу үшін тікелей жауапкершілігін ескере отырып, ресми тіркелген жұмыссыздар үшін МӘМС жарналарын төлеуге арналған шығыстар да жергілікті бюджеттерге жүктелетін болады. 2026 жылдан бастап медициналық көмектің екі пакеті – Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен МӘМС пакеті біртіндеп бірыңғай медициналық көмек пакеті ретінде біріктіріледі. Әлеуметтік мәні бар аурулардың тізбесі министрлік тарапынан қайта қаралды. Ал динамикалық бақылауды қажет ететін өзге созылмалы ауруларды біртіндеп МӘМС пакетіне көшіру жұмысы жүріп жатыр. Бұл реформа медицинадағы қызметтердің қайталануын жоюға, көмектің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Бірыңғай пакетке ең негізгі қызметтер – шұғыл көмек, паллиативтік көмек, әлеуметтік маңызы бар аурулар кезіндегі алғашқы тексерулер, амбулаториялық дәрі-дәрмек кіреді. Ал МӘМС пакеті бұдан бөлек созылмалы аурулар мен басқа да арнайы көмектерді қамтиды. Мұндай жүйе қаржыландыруды тиімді бөлуге, сақтандырудың шынайы маңызын арттыруға және медициналық көмектің қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік береді. Мемлекет алдына стратегиялық мақсат қойып отыр: алдағы үш жылда Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыру. Бұл денсаулық сақтау жүйесін де жаңа деңгейге көтереді. Ашықтық, қаржылық есептің персонификациясы және медициналық көмектің сапасын нақты бақылау қамтамасыз етіледі. Соның нәтижесінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тұрақты әрі орнықты қаржылық жүйе ретінде қалыптасады. МӘМС – бұл жай ғана жарна емес. Бұл – әр азаматтың денсаулығына, елдің болашағына қосқан ортақ үлесі.
Асел Жалғасқызы Нұғманова,
«Әлеуметтік медицинлақы сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры



