Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

МӘМС: қай кезде мәртебе берілмейді және оны қалай алуға болады?

Осы күнге дейін МӘМС-ке бір де бір рет жарна төлемеген немесе өткен 12 айда берешегі көп азаматтар алдағы бір жылға төлем жасап, сақтандырылған мәртебесін ала алады. Ал бірнеше ай берешегі барлардың қарызды ғана жауып, МӘМС қатысушысы болуына мүмкіндік бар. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында айтылды. 

   «Әрбір сақтандырылған адам аударған жарна мөлшеріне қарамастан, медициналық көрсеткіштері болса, барлық көмекті толық көлемде алуға құқылы. МӘМС пакеті пациенттерге қажет негізгі медициналық қызметтерді қамтиды. Атап айтар болсақ, бейінді мамандардың кеңесі, қымбат анализдер, диагностикалық зерттеулер, консультациялар, сонымен қатар жоғары технологияларды пайдалана отырып жасалатын операциялар және т.б. қызметтер кіреді. Бұндай операциялардың көбі бірнеше миллион теңге тұрады. Ал азаматтар ай сайын кем дегенде 3500 теңге жарна төлеп, осы қызметтерді қосымша қаржы төлемей-ақ ала алады» - деп тоқталды «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Байтолла Газизов.

Сонымен, қай кезде мәртебе берілмейді  және оны қалай алуға болады?

Түсініктірек болу үшін бірнеше мысалдар келтіріп кетейік.

1-жағдай. Бір азамат 2022 жылдың тамыз айында ресми жұмысқа тұрды делік. Сол кезден бастап қызметкер үшін төлемнің екі түрі түсе бастады:

1) аударымдар – жұмыс беруші өз қаражаты есебінен төлейді. 2023 жылы оның мөлшері қызметкер жалақысының 3 пайызын құрайды. Аударымдардың ең жоғары мөлшері 10 ЕТЖ-ның 3%-нан аспауы керек (3%*10*70000=21000 теңге);

2) жарналар – жұмыс беруші қызметкердің жалақысынан 2% ұстайды. Бұл ретте аударымдардың ең жоғары мөлшері 10 ЕТЖ-ның 2%-нан аспауы тиіс (2%*10*70000=14000 теңге). 

            Мамыр айында осы кісі емханаға дәрігердің қабылдауына барса, мәртебесі сақтандырылмаған екенін біледі. Ол ресми жұмыс істейтінін әрі жұмыс беруші қажет төлемдерді уақтылы аударатынын айтып, себебін сұрайды.

Белгілі болғандай, жұмысқа орналасқанға дейін бұл адам МӘМС жарналары мен аударымдарын мүлдем төлемеген. Ал «МӘМС туралы» заңға сай, азаматтың өткен немесе алдағы 12 айға төлемі болуға тиіс.

Азаматтың 10 айға төлемі бар, бұл жағдайда не істеу керек? (2022 жылдың тамызынан 2023 жылдың мамырына дейін). Мәртебе алу үшін өткен 2 айға төлем жасау ұсынылады, яғни 2022 жылдың маусым және шілде айларына 3000 теңгеден төлеу керек (2022 жылы дербес төлеушілер төлейтін жарна көлемі осындай болды). Сақтандырылған мәртебесі төлем жасалған соң 3 жұмыс күннің ішінде беріледі.

2-жағдай. Бір ұйымда екі жыл жұмыс істеген қызметкер жұмыстан шығып қалды делік. Қазір оған невропатолог  кеңесі мен УДЗ өту керек. Бірақ ол екі айдан бері басқа жұмысқа тұрмағандықтан әрі МӘМС жарналарын төлемегесін бұл медициналық көмекті ала алмаймын деп ойлайды.

Бұл азаматқа алаңдауға негіз жоқ. Себебі өткен 12 айға төлемі бар адамның алдағы 3 ай бойы мәртебесі сақтандырылған болады. Ол осы уақыт ішінде жұмысқа тұрып немесе дербес төлеуші ретінде МӘМС үшін төлем жасауын жалғастыра алады. Тек берешек қалыптасқан айларды жабуы керек. Сонымен қатар, ресми жұмысқа тұрғанша дербес төлеуші ретінде МӘМС-ке жарна төлеуді жалғастыруға болады.

3-жағдай. Өзін өзі жұмыспен қамтыған азамат 6 ай бойы бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеген соң, келесі айды төлеуді ұмытып кетті делік. Ол өткен ай мен ағымдағы айды төлеп, сақтандырылған мәртебесін сақтап қала ала ма? 

Бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер өткен айларға төлем жасай алмайды. Себебі салық кодексінің 774-бабына сәйкес БЖТ төленген кезеңнің соңғы күніне дейін қолданылады. БЖТ төлеушілерге сақтандырылған мәртебесі   3-ші айда беріледі. Мысалы 2023 жылдың  мамыр айында төлем жасалса, сақтандырылған мәртебесі шілде айында беріледі. Яғни, мамыр, маусым және шілде айларына БЖТ төлеп шығу керек. Ал тамыз айында төлем жасалмаса, бұл азаматтың мәртебесі - «сақтандырылмаған» болып өзгереді.   Сол себепті БЖТ-ны алдын ала төлеп отырған абзал.

4-жағдай. Жазда ғана табыс табатын маусымдық жұмысшылар не істеу керек? 2022 жылдың сәуір-қыркүйек айларына жарна төленген, бірақ азаматтың мәртебесі «сақтандырылмаған».

Маусымдық жұмысшылар жылына 6 ай жұмыс істеулері мүмкін. Әрі қарай олар сақтандырылған мәртебесін жоғалтпау үшін МӘМС жарналарын жеке жеке әр айға дербес төлеуші ретінде төлеп шығуы керек.

Жарнаны қалай төлейді?

МӘМС жарналарын екінші деңгейдегі кез келген банктердің мобильді қосымшалары, жылдам төлем терминалдары және «Қазпошта» кассалары арқылы төлеуге болады.

Жарнаны қате төлеп қойса, не істеу керек?

Төлемдерді шатасып басқа мерзімге төлеп қойған азаматтар ақшасын қайтарып ала алады. Ол үшін «Азаматтарға арналған Үкімет» Мемлекеттік корпорациясына өтініш жазып, түбіртектерді қоса тапсыру қажет.

Егер сіздің тағы да сұрақтарыңыз болса немесе медициналық көмек алуда қиындықтар туындаса, өз емханаңыздағы «Пациенттерді қолдау қызметіне» жүгіне аласыз. Ал ол жерде мардымды жауап ала алмасаңыз, Қордың өзіңізге ыңғайлы арналары бойынша өтініш-шағымдарыңызды қалдыра аласыз:

  • fms.kz ресми сайты,
  • Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы
  • Telegramдағы SaqtandyryBot.

Сондай-ақ Электронды үкіметтің egov.kz сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне медициналық көрсетілетін қызметті тұтынушы ретінде қатысу туралы және аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат ұсыну» мемлекеттік қызметі арқылы медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеруге және жүргізілген төлемдер туралы ақпарат алуға болады.

 

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ

Атырау облысы бойынша филиалы

Телефондар: 87122/556084, 8/7122/ 55 60 92.

Байланыс орталығы – 1406

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT