«Саламатты Қазақстан» пойызы ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен, Samruk-Kazyna Trust қорының қаржыландыруымен және Денсаулық сақтау министрлігімен серіктестікте іске асырылып келеді.
Ел ауылдарына тегін медициналық және құқықтық көмек көрсететін мамандар азаматтардың көп жылдық мәселелерін шешуге көмек көрсетуде.
Атырау облысының Аққыстау ауылында Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысқан 7 ардагер жылдар бойы өздеріне тиесілі әлеуметтік жеңілдіктерді ала алмай келген еді. «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының медиаторының көмегімен және мемлекеттік органдарға жолданған ресми өтініштерден кейін ардагерлерге санаторий-курорттық емделуге квоталар бөлінді.
Ұлттық комиссия бастамасымен жобаға қосылған медиаторлар мен заңгерлер ауыл тұрғындарына еңбек дауларын шешуге, әлеуметтік, сот пен өзге де маңызды сұрақтарды шешуде маңызды рөл атқаруда.
Медициналық пойыз өңірде 6–17 маусым аралығында жұмыс істеді. Осы уақыт ішінде 5 710 адам тегін көмек алды, олардың 5 402-сі медициналық қызметке жүгінген. Әрбір үшінші пациент – бала.
Кеңес беруден бөлек, тұрғындар УДЗ, ЭКГ, флюорография, гастрофиброскопия және зертханалық талдаулардан өте алады. Қажет болған жағдайда дәрігерлер шағын хирургиялық операциялар жасайды.
Биыл медициналық пойыз еліміздің 123 елді мекенін қамтиды. Алты ай ішінде 100 мыңнан астам адам, әсіресе шалғайдағы ауыл тұрғындары, білікті көмек алады деп күтілуде.



