Utebayev University студенттері инвесторларға стартап жобаларын таныстырды. Іс-шараға Атырау облысы әкімдігі, университеттің серіктес компаниялары және Total Energies компаниясының өкілдері, Түркиядан келген қонақ профессорлар қатысты.
Студенттер жел және күн энергиясын бағдарламалау, қатты тұрмыстық қалдықтарды жаңа өнім түрінде қайта пайдалану, тұрақты энергия көздері және технологиялық процестерді автоматтандыру бағыты бойынша стартап жобаларын ұсынды. Бұл жұмыстарын олар қараша айында Бакуде өтетін БҰҰ-ның 29-шы Климаттық Саммитінің жастар секциясында таныстырады.
- Бұл кездесу студенттердің инновациялық идеяларын қолдау, кәсіпкерлік қабілетін дамыту мақсатында ұйымдастырылды. Осындай іс-шаралар білімгерлерге өз жобаларына қаржы тарту, тәжірибелі кәсіпкерлер мен инвесторлардан кеңес алуға мүмкіндік береді, - дейді Utebayev University Ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Ринат Искаков.
Студенттік meet-up теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, білімгерлердің болашақта табысты кәсіпкерлер болуына ықпал етеді. Инвесторларға таныстырылған жобалардың бірі – «Жел трубинасын пайдаланып, автономды электрмен жабдықтау». Оны индустриалды-технологиялық факультет студенттері Ернар Ақрапов, Әнел Жалғасова, Артур Астамиров техника ғылымдарының кандиданты, профессор Ақмарал Қонарбаеваның жетекшілігімен жүзеге асырған. Жоба мақсаты – жел трубиналарын қолдана отырып, шалғай аудандарды автономды электрмен жабдықтау және көміртектің ауаға тарауын азайту. Сондай-ақ жоба жасыл энергетиканы дамытуды көздеп, орталық электр желісінің жүктемесін азайтады. Студенттер ұсынған бұл жұмыс экологиялық ахуалды жақсартуға үлес қосады, себебі жел трубиналарын орнату жанармайды қажет етпейді, қоршаған ортаны ластамайды және айналасына кедергі келтірмейді.
Еліміздің энергетика кешеніне кадр даярлайтын Utebayev University студенттердің әлеуетін іске асыру, зерттеу, жобалау және шығармашылық қызметті дамытуға ерекше назар аударады. Оқу барысында студенттер түрлі қауымдастықтар мен клубтарға мүше болып, индустрияда қолданысқа енгізуге болатын жеке бірегей жобасын жасауға мүмкіндік алады.