Білімді оқушыларды іріктеп, оларды талабын ұштауда жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Iqanat» олимпиадасының орны ерекше. Себебі, бұл олимпиаданың барлық үш турынан да өткен оқушыға әйгілі «IQanat High School of Burabay» мектеп-пансионатына білім гранты беріледі. Бұл ретте өткен аптада Мұқыр ауылындағы №2 орта мектепте олимпиданың аудандық кезеңінің ашылу салтанты өтті.
Онда сөз алған «Iqanat» қорының арнайы өкілі Әсем Дүйсенбек:
– Бұл дода ауыл балаларының білімі мен өмірін түбегейлі өзгертетуге зор мүмкіндік. Біздің олимпаданың үш турынан сәтті өтіп, «Iqanat» мектеп-пансионатына оқуға түскен түлектердің 94 пайызы жоғарғы оқу орындарының мемлекеттік грантына ие болып жүр. Оған дәлел – дәл қазір Астана қаласындағы Назарбаев Университетінде біздің 90-ға жуық түлегіміз білім алып жатыр. Одан бөлек, «айқанаттықтар» әлемнің 19 еліндегі университеттерде түрлі мамандықта оқуда. Бір сөзбен айтқанда оқушы үшін бұл жобаның берері мол. Ендеше, сіздерге сәттілік, - десе, «ІQanat» қорының Атырау облысы бойынша координаторы Сәуле Құбашева оқушыларға олимпиаданың ережесі мен шарттарын түсіндірді.
Олимпаданың бірінші кезеңінде қатысушыларға 40 сұрақтан тұратын кешенді тестілеу берілді. Тапсырма ішінде математикалық сауаттылық, логикалық ойлау, оқу сауаттылығы және қазақ тілінен он сұрақтан тапсырмалар берілді. Әр дұрыс жауапқа екі ұпай беріліп, жалпы жиынтығы 80 ұпай сарапқа салынды. Бұл додаға аудан бойынша жалпы 256 оқушы қатысып, бақтарын сынады. Сайыстың екінші кезеңіне қатысатын оқушылар алдағы уақытта белгілі болады. Ендеше, білім додасында бақ сынаған аудан оқушыларына сәттілік тілейміз!
Дулат БЕРІКҰЛЫ
 
                                    
             
     
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						

 
 