Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ақ қанат арман алға шақырады

Өткен аптаның сенбісі күні жылдағы дәстүр бойынша мектеп бітірушілер кеші салтанатты түрде аталып өтті.

Биылғы жылы мектеп бітіруші түлектердің үлкен өмірге қадам басуы Астана қаласының 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғандықтан «Ел жүрегі – Астана» тақырыбы таңдалып алынды. «Жастар» паркінде өткен мектеп бітіруші түлектердің мерекелік кешіне ата-аналар мен ұстаздар қауымы да қатысты. Мерекелік шараның жүргізушілері ауданның барлық мектептерінің ғылыми пәндер олимпиадасынан, ғылыми жоба байқауларынан және өзге де халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық байқаулар мен түрлі сайыстардан және спорттық шаралардан қол жеткізген жетістіктеріне шолу жасап, таныстырып өтті. Сахна төрінде құттықтау тілегін жеткізген аудан әкімі Арман Баженов:

– Биылғы оқу жылында он бір жыл мектепте үздік оқып, ата-ана мен ұстаздарының қуанышы болған 10 түлек «Алтын белгіге» үміткер болып, барлығы да өз білімдерін дәлелдеді. Бұл – мектеп бітірушілер үшін де, ұстаздар мен ата-аналар үшін де қуанышты, салтанатты сәт. Енді алда тұрған ұлттық бірыңғай тестіден жоғары балл жинап, еліміздің жоғары оқу орындарына жолдама алыңыздар. Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында Мемлекет басшысы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 20 мың грант бөлуді тапсырған еді. Мен сендерге аудан жұртшылығы атынан осы гранттардың иегерлері атануларыңды тілей отырып, жоғары білімді азамат, білікті маман болып, болашақта ауданымыздың өркендеуіне лайықты үлес қосады деп сенім білдіремін. Сәтті сапар, өмірлеріңе құтты қадам тілеймін, – деген ізгі ілтипатын арнады.

Бұдан кейін аудан әкімі «Алтын белгі» иегерлерін марапаттап, естелік суретке түсті. Ата-аналар атынан түлектерді құттықтаған Төлеуғали Кішкенебай мектеп бітіруші өрендерге жылы лебізін білдірсе, «Алтын белгі» иегері Бақтыгүл Еркін:

– Күні кеше ғана тұлымшағымыз желбіреп мектепке барған сияқты едік, бүгін міне он бір жылдың қалай зулап өткенін байқамай қалыппыз. Осы уақыттың ішінде жамандығымызды жасырып, жақсылығымызды асырған, бізді тәрбиелеп, өмірдің қатал сындарына дайындағандары үшін ұстаздар қауымына алғысымыз шексіз. Құрметті құрбы-құрдастарым алдағы сынақтан жоғары балл жинап, ойлаған армандарыңыздың орындалуына тілектеспін, – деген ізгі ілтипатын арнады.

Жыл сайын дәстүрлі түрде қайталанып келе жатқан игілікті іс биыл да жалғасын тапты. Ақтөбе қаласындағы С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің президенті, ауданның Құрметті азаматы Ахан Бекежан мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Абзал Талтенов өздерінің қамқорлығын көрсетіп, жылдағыдай білім гранттарын бөліп отырғандығын жүргізушілер қуанышпен жеткізді. Мерекелік кеште Миялы өнер мектебі оқушыларының «Нұр-Астана», Б.Аманшин атындағы орта мектебі түлектерінің орындаған «Достарым» әндері, «Айжан-ай» бишілер тобының «Маленкие дети», А.Өміров атындағы балалар саз мектебі бишілер тобының «А ле лу я» мен флешмоб билері шараның сәнін кіргізді. Мектеп бітіруші түлектерге арналған мерекелік шара соңында «Мектеп вальсі» биленіп, от шашу аспанға атылды. Сөйтіп, мектеп бітіруші түлектер «Қош бол менің мектебім!» деп әнде айтылғандай қимастық сезіммен алтын ұяларымен қоштасты.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT