Бүгін аудан әкімі Қанат Әзмұханов төтенше жағдайлардың алдын алып, олардың салдарын жою мақсатында, бөгеттерді нығайту жұмыстарымен танысты. Аудандық ішкі саясат бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, су тасқыны қаупінің алдын алу шараларын өз көзімен көріп, қауіпсіздік жұмыстарын пысықтады.
Аралау барысында, Миялы ауылының шетіндегі жаңадан салынған көпір маңына барып, бөгеттерді күшейту, судың еркін ағуын қамтамасыз ету және тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау бағытындағы жұмыстарды мұқият қарап шықты. Жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеп, оларды белгіленген мерзімде сапалы орындауды тапсырды.
"ҚАМЫСКӨЛДІҢ" МАҢЫ ТАЗАРТЫЛДЫ
Көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында, Миялы ауылының іргесіндегі "Қамыскөл" маңындағы Ойыл өзенінің арнасын тазарту және кеңейту жұмыстары жедел қолға алынды. Бұған жаңадан сайланған қоғамдық кеңес мүшелері де атсалысуда. Су өткізу қабілеті төмендеп, қауіп төндірген өзен түбі арнайы техникалардың көмегімен толықтай аршылып, арнасы кеңейтілді. Бұл шаралар көктемгі өр суының өз бағытымен еркін ағуына мүмкіндік беріп, су тасқыны қаупін азайтады. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ауыл қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, табиғи су жолдарының тұрақтылығы қалпына келтірілді.
ҚАРАСУ АУМАҒЫНДАҒЫ ҚОРҒАНЫС ЖҰМЫСТАРЫ
Аудан тұрғындарына тіршілік нәрін ұсынып отырған «Қарасу» аумағында бүгінде 11 ауыз су ұңғымасы тұрақты жұмыс істеп тұр. Көктемгі су тасқыны кезінде халықты үздіксіз таза сумен қамту мақсатында, қауіпті аймақта орналасқан 8 ұңғыма маңында арнайы қорғаныс бөгеттерін тұрғызу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл шаралар ауыз су жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, тұрғындардың алаңсыз тіршілік етуіне мүмкіндік береді.
Бауыржан ІЗБАН