Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ДУМАНҒА ТОЛЫ МЕРЕКЕ

Биылғы Наурыз мерекесін аудан жұртшылығы ерекше ықыласпен тойлап, думанды шараға жиналғандардың да көңіл күйлері көтеріңкі болды. Миялы ауылының орталық алаңында қазақы нақышпен безендірілген сегіз киіз үй тігіліп, оларға аудан топырағында дүниеге келген ақын, батыр, би-шешендердің есімі берілді.

Округтегі мекемелерді біріктіріп тігілген киіз үйлердің әрқайсысында келушілерге бауырсақ пен наурыз көже таратылды. «Бақ-берекем, құт-мерекем Әз-Наурыз» атты мерекелік шараның шымылдығы «Тепе-теңдік» композициялық биімен ашылып, одан әрі құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Қанат Әзмұханов:

– Бүгін еліміз үшін тағы бір жыл тарих қойнауына еніп, үкілі үміт артқан тағы бір жаңа жылымыз табалдырық аттағалы отыр. Өткен жыл ауданымыз үшін айтулы оқиғаларға, жасалған игі жұмыс, жүйелі түрде жобаларға толы болды. Тасқын суға аудан жұрты болып тасқауыл қойсақ, ауданның 80 жылдық мерей тойында сән-салтанатымен атап өттік. Жаңа жылда жасампаз істер барлық сала бойынша жүйелі түрде жалғасын таба береді. Осы орайда, баршаңызға ауданымыздың өркендеуіне қосып келе жатқан зор үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін! Жаңа жылда дастарханға ақ толсын, ауданымызға бақ қонсын! Бірлігіміз нығайып, берекеміз таси берсін! Әз Наурыз әр шаңыраққа мол ырыс, шаттық, бақыт сыйласын! - деді.

 Мерекелік құттықтаудан соң «Бақсылар», «От ана мен Су ана» көріністері сахналанып, одан соң Зәуре Жұмағалиева «Наурыз думан» әнін шырқап, шашу шашылды. Бұдан кейін ортаға шыққан Қыдыр ата аудан халқына батасын беріп, «Жасұлан», «Балдырған», «Нұр-Шуақ» балабақша ұжымдары мерекеге арнап пісірген Наурыз көжелері мен бауырсақтарын алаңға жиналған тұрғындарға таратты.

Одан әрі Ы.Шөреков атындағы мектеп гимназиясы «Тұлғаларға тағзым», Б.Аманшин атындағы орта мектебі «Шүкір Еркінов» көріністерінде Құныскерей Қожахметұлы, Шүкір Еркінов рөлдерін сомдады. Ал, «Ойыл аруы» би тобы «Наурыз көже» хореографиялық биі мен «Қара жорға» билері шара шырайын кіргізді. «Қара жорға» әнін Зәуре Жұмағалиева мен Гүлхан Қалыбек шырқады. Мерекелік шара одан әрі концерттік бағдарламамен жалғасып, «Ұлттық киім», «Мешкейлер», «Бұрымдылар» байқаулары мереке көркін ашты. Сондай-ақ, арқан, бұқа тартыс, кір тасын көтеру сындарында шын мықтылар анықталды.

Гүлмира МАҚСОТ

Суреттерді түсірген Самғат Қайратұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT