Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

Былтырғы тасқын судың кесірінен шығынға ұшырағанымыз және қиын-қыстау сәттерді бастан өткергеніміз жасырын емес. Келген нөпір судан аудан жұртшылығы да зәре-зап болып, абдырап, беймаза күйге түсті. Апаттың аямайтынын ескерген жауапты мамандар биыл атқарылуы тиіс біраз жұмысқа ден қойды, олардың көбі аяқталуға жақын. Бұл Қызылқоға ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімі Қанат Әзмұхановтың төрағалығымен өткен көктемгі су тасқынының алдын алу және оны жою жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысында мәлім болды.

Жиынға аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары қатысып, тасқын судың алдын алу шараларын талқылады. Жиында хабарлама жасаған аудан әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғаныс бөлімінің бастығы Мақсат Төкенов:

- Ойыл, Сағыз, Ноғайты өзендеріндегі қауіптің жоғары екендігін ескере отырып, өзен бойында орналасқан барлық елді мекенді қорғау бойынша қажетті шаралар қабылданып жатыр. 9 ауылдық округте 50,8 километр қорғаныш бөгеттер нығайтылып, жоба құны 796 551,7 мың теңгені құрады. Миялы ауылы аса қауіпті аумақ болғандықтан, қазіргі таңда қосымша бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізілуде. Оған 11 арнайы техника жұмылдырылып, жұмыстар жасалып жатыр,-деп мәлімдеді.

Қазіргі таңда Ойыл мен Сағыз өзендері тәулік бойы бақылауда. Арнайы мамандар су деңгейін тұрақты түрде қадағалап, қажетті ақпаратты жедел штабқа уақытылы жеткізуде. Күнделікті таңғы және кешкі сағат 9:00-дан бастап, үш мезгіл өзендердегі ахуал туралы мәлімет беріліп отыр. 20 наурыздағы жағдай бойынша, Сағыз өзенінде су деңгейі бір тәулік ішінде 80 сантиметрге көтерілген, ал Ойыл өзенінде бұл көрсеткіш 30-40 сантиметрді құраған. Осы ретте аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Бақтыбек Төлегенов:

- Ауданымызға Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінен 34 қызметкер мен 3 техника келді. Бір техника мен бір қызметкер Сағыз ауылдық округіне «ТРЭКОЛ» көлігімен орналастырылды. Қалған 33 қызметкер Миялы ауылдық округінде шоғырланған. Әр ауылдық округке бір-бір офицер, сондай-ақ екі елді мекенге мониторинг жүргізу үшін мамандар жөнелтілді,-дейді.

Келелі жиында қандай келісімдер болды, тасқын судан шынымен қауіп жоқ па? Былтырғы олқылықтар қайталанбас үшін қандай нақты жұмыстар жүргізілуде? Осы және басқа сауалдардың жауабын газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.

Самғат ҚАЙРАТҰЛЫ 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT