Атырау қаласында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері арасында белгілі журналист Мақат Хайруллиннің 85 жыл толуына орай шахмат пен кіші аяқ добынан журналистер арасында еске алу турнирі болып өтті.
1938 жылы Индер ауданы, Кулагино ауылында дүниеге келген қарымды қаламгер журналист мамандығын алып шыққаннан кейін «Коммунизм туы» газетінде бөлім меңгеруші қызметін атқарып, ауданның дамуына зор үлес қосты. Демек, биыл шыға бастағанына 70 жыл толатын "Қызылқоға" газетінің ұжымы үшін де ардагер журналист Мақат Хайруллиннің орны бөлек. Жарыстың нәтижесінде, барлығы алты команда қатысқан кіші аяқ добынан «Атырау-Ақпарат» командасы І орынды, «Баспахана» командасы ІІ орынды, «Қазақстан - Атырау телеарнасы» ІІІ орынды иеленсе, тартысқа толы сегіз адам қатысқан шахмат сайысында «Каспиан Ньюс» телеарнасының директоры Қазбек Кертаев І орынға, "Қазақстан-Атырау" телеарнасының қызметкері Данияр Ахметов ІІ орынға, әріптесіміз, «Қызылқоға» газетінің тілшісі Бауыржан Бердіғалиев ІІІ орынға ие болды. Жеңімпаз-жүлдегерлерге арнайы сыйлық пен диплом табыс етілді. Осы орайда, біз ұжым атынан әріптесіміз Бауыржан Оқасұлын жүлдегерлер қатарынан табылуымен құттықтаймыз!
Кәмшат ӘБІШ