Тарихи тұлғалардың тағылымды өмірін кейінгі ұрпаққа үлгі ету, ерен еңбектерін жастардың санасына сіңіре отырып насихаттау бүгінгі буынның бұлжымас міндеті. Соған орай, 24 сәуір күні белгілі ғалым, Алаш ардақтысы Халел Досмұхамедовтың ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі өтті.
Туғанына 140 жыл толуына орай ұйымдастырылған шараға аудан басшылары, ардагерлер мен мектеп оқушылары қатысты. Шараны ашқан аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев ұлт зиялысын ұлықтау мақсатында түрлі деңгейдегі іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба беретіндігін айтса, ардагер ұстаз Құмар Хасанов пен денсаулық саласының ардагері Балбибі Есжанова алаш ардақтысының ел үшін еткен еңбектеріне қысқаша тоқталып өтті. Бұдан соң аудан әкімдігі, аудандық ардагерлер кеңесі, аудандық мәслихат, аудандық қоғамдық кеңес және басқа да бөлім, мекеме өкілдері Халел Досмұхамедовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Дулат МӘТЖАН