Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

АУЫЛ АҚСАҚАЛДАРЫ АҚ БАТАСЫН ЖАУДЫРДЫ

Бұдан бұрын Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұханов "Бәйтерек" мешітінде ауыз бекіткен тұрғындар мен су тасқынының алдын алуға белсенділік танытқан еріктілерге ауызашар бергендігін хабарлағанбыз. Сол ізгі дәстүр Сағыз ауылында да жалғасын тауып, "Абдолла хазірет" мешітінде аудан басшысы ауыл ақсақалдары мен ерікті жастарға ауызашар берді.

Ауызашарға аудан әкімімен бірге аудан орталығынан "Әкелер" кеңесінің төрағасы, Мәдениет қайраткері, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Сағидолла Яқып, аудандық мәслихат депутаты Есенбай Нұров, аудандық Полиция бөлімінің басшысы Руслан Әділовтер қатысты. Ауызашарда сөз алған аудан әкімі Қанат Әзмұханов: - Рамазан - ізгілік айы. Әсте жақсылық жасаудан шаршамайық. Биыл ауданға су мол келіп, тасқын судың алдын алып, ауылдың суға кету қаупінен сақтауда тиісті орган қызметкерлерімен бірге еріктілер ерен еңбек сіңірді. Сондай жұдырықтай жұмылып жасаған жұмыстың арқасында, аудан суға кету қаупінен аман. Осы орайда, қауіпті сейілтуге белсене атсалысқан еріктілер мен әркез елдің амандығын тілеп, жастарға жөн сілтейтін ақсақалдарға қасиетті Рамазан айында ауызашар бергенді жөн деп таптым. Әркез ауданның абыройы жолында береке бірлігіміз арта берсін. Ізгілік айындағы дұға-тілектеріңіз қабыл болсын,- деді. Қасиетті айдағы аудан басшысының ізгі ісіне ауыл ақсақалдары дән риза болып, ақ баталарын жаудырды.

Сатыбалды САҒЫМПАЗОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT