Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қызылқоғада қар тазалау жұмыстары қарқын алды

Ауданда атқарылып жатқан және алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыстарды жүйелі бақылау мақсатында аудан әкімінің төрағалығымен әр апта сайын аудандық әкімдіктің кеңейтілген отырыс өткізілуде. Бұл жиында ауданға қарасты мекеме басшылары өздеріне жүктелген міндеттердің орындалу барысын баяндап, есеп береді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Осы ретте аудан әкімі Қанат Қадыржанұлының төрағалығымен өткен кезекті жиында екі негізгі мәселе қаралды. Оның бірі – аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ерсағын Құмаровтың тазалық және елді мекендерді қардан тазалау жұмыстары бойынша жұмысы тыңдалды.

«ТазаLIKE» акциясы және көктемгі көгалдандыру жұмыстары

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ерсағын Құмаров тазалық жұмыстары туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, биыл көктемде республикалық «ТазаLIKE» акциясы өтеді. Акция 12 наурыз бен 12 сәуір аралығында ұйымдастырылып, аудан бойынша кешенді тазалық шаралары жүргізіледі. Сондай-ақ, 2020-2025 жылдарға арналған көгалдандыру жоспарына сәйкес, 7400 түп ағаш отырғызу көзделген. Оның 3500-і көктемде, қалған 3900-і күзде егіледі. Бұл жұмыстар экологиялық ахуалды жақсартып, аудан аумағын көгалдандыруға оң әсер етпек.

Қар тазалау жұмыстары және жол қауіпсіздігі

Жиында аудан аумағындағы облыстық және ауылішілік жолдарды қардан тазарту жұмыстарының сапасы сөз болды. Атап айтқанда, 244,5 шақырымдық «Қарабау-Миялы-Сағыз» тасжолын күтіп-ұстауға жауапты «AG Dizefection Services» ЖШС мердігер мекемесі ақпан айында жауған қалың қар кезінде өз міндетін толық орындамаған. Оның салдарынан жолдар қар астында қалып, қала мен аудан арасындағы көлік қозғалысына елеулі қиындық туындады.

    – Кейіннен тиісті жұмыстар жүргізіліп, жол қозғалысы қалпына келтірілді. Алайда, мердігер мекеме өзіне жүктелген міндеттемелерді уақтылы орындамағандықтан, аудандық полиция бөлімі тарапынан 15 АЕК көлемінде айыппұл салынып, әкімшілік хаттама толтырылды, – деді Ерсағын Құмаров.

Жиын барысында аудан әкімі Қанат Қадыржанұлы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысына ауылішілік және облыстық маңызы бар жолдарды уақытылы тазартпаған мердігер мекемелерге қатаң шара қолдануды тапсырды.

    – Жолдардың күтіп-ұсталуы – халықтың қауіпсіздігі мен жайлы өмірінің негізгі факторы. Сондықтан, өз міндетін дұрыс орындамаған мердігерлерлердің қызметін қатаң бақылауға алу қажет. Осы мақсатта аудандық полиция бөлімімен бірлесіп рейдтік шаралар ұйымдастыруды тапсырамын, – деді аудан әкімі.

Қар қауіпсіз аумаққа шығарылуы керек

Қыс мезгілінің соңғы айларында қар мөлшерінің нормадан артық түсуі көктемгі су тасқыны қаупін күшейтіп отыр. Осыған байланысты аудан басшысы ауылішілік жолдардағы қарды қауіпсіз аймақтарға шығару жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ, су басу қаупі жоғары аймақтарды анықтап, алдын алу шараларын дер кезінде ұйымдастыру керектігін баса айтты.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT