Өткен мамыр айы Миялы ауылы үшін ерекше есте қаларлық сәттерге толы болды. Халел Досмұхамедұлы және Берқайыр Аманшин атындағы орта мектептерінің 2005 жылғы түлектері, 1988 жылы дүниеге келген жастар, мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуын ерекше атап өтті. Бұл кездесу тек сағынышпен қауышу ғана емес, өмірден озған құрдастарын еске алып, ауылға, ұстазға деген ризашылықты білдірген ізгі шараға айналды.
Мерекелік шара 24 мамыр күні түлектердің өз мектептеріне барып, ұстаздарымен қауышуынан басталды. Әрбір түлек үшін мектеп табалдырығын қайта басу – жүрек тебірентер сәт. Ұстаздарға алғыс айтып, оларды гүлмен, ықыласпен қарсы алған түлектер білім ордасына деген шексіз құрметін көрсетті. Миялы ауылы бойынша өмірден ерте озған достары Жантұрған Наутиев, Серікбай Хамзин, Дәурен Нұржекенов, Дамир Бекқұловтарды еске алуға арналған кіші аяқдоп (футбол) турнирі ұйымдастырылды.. Нәтижесінде бірінші орынды «Мөлтек» командасы жеңіп алып, 100 мың теңгені қанжығаларына байласа, екінші орынды «Телевышка» командасы (жүлдесі 70 мың теңге), үшінші орынды «Водострой» командасы (50 мың теңге) иеленді. Тартысты доп додасында Нұрали Жексенғали «Үздік ойыншы», Наурызбек Өтеуов «Үздік қақпашы» атанды.
Келесі күні ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында жоғарыда айтқан өмірден ерте озған достары Жантұрған Наутиев, Серікбай Хамзин, Дәурен Нұржекенов, Дамир Бекқұловтарды еске алуға арналған 2014-2015 жылғы кіші жасөспірімдер арасында дзюдодан турнир болып өтіп, оған мектеп бітіргендеріне жиырма жыл толған түлектер демеуші болды. Сол күні түсте аталмыш түлектер өмірден ерте озған достарының рухына құран бағыштап, ас берді. «Бәйтерек» мешітінде құран оқу жарысы өтіп, қарилыққа бет алған балаларға ақшалай сыйлық табысталды. Бұл – тек достықтың емес, мәңгілік сағыныштың, адамгершіліктің, бірліктің үлгісі.
Кештің ең әсерлі әрі көпшіліктің есінде қалғаны – гала концерт. Түлектер ауыл тұрғындарына арнап үлкен концерт ұйымдастырып, арнайы қонақ ретінде елімізге танымал «Меломен» тобын шақырды. Бұл кеш – ән мен күйге, сағыныш пен қуанышқа толы мәдени шара ретінде ауылдастардың ықыласына бөленді.
20 жылдық кездесу – түлектердің балалық шаққа, алтын ұя мектепке, бір кезде бірге күліп, бірге жүрген достарына деген сағынышын, құрметін білдірген жүрекжарды шара болды. Мұндай кездесулердің ең үлкен құндылығы – адамдар арасындағы жылулық, өмірдің мәнін түсіну, ұрпаққа өнеге болар істерді жалғастыру екені анық.
Бауыржан АМАНҰЛЫ