Биылғы жиырма жылдық кездесулерінде Сағыз ауылындағы №9 орта мектебін 2005 жылы бітірген 48-ші түлектер де игі істен кенде қалмады. Олар ең әуелі сәуір айында өздері білім алған аталмыш мектепті жасыл желекке бөлеп, жас ұрпақ табиғаты тамаша саф ауамен демалсын деген мақсатта 50 түп ағашын отырғызса, алтын ұяға тарту ретінде түнде жанып тұратын «Жалпы білім беретін №9 орта мектебі» деген жазуы бар жарықтандырылған әріптер қондырды.
Бір ғажабы, осыдан жиырма жыл бұрын білікті бапкер, ұлағатты ұстаз Бегалы Байдәулетов дайындаған, құрамында Данагүл Рақымғалиева, Нұргүл Құрманова, Арайлым Жакупова, Надежда Мәтжанова, Гауһар Дайрабаева, Бану Боранханова, Перизат Амантурлиналар бар 48-ші түлектердің қыздар командасы волейболдан бірнеше дүркін жеңімпаз атанып, облыстық сайыста топ жарған еді. Ендеше, сол бір ала допты алақандарында ойнатқан арулардың спорттағы жетістігін жас ұрпаққа насихаттап, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында мектеп оқушыларының арасында волейболдан жарыс ұйымдастырылса керемет емес пе?!
Міне, осыны жете сезінген 48-ші түлектердің ұйымдастыруымен оқушылар арасында волейболдан жарыс өтіп, оған бес команда қатысты. Талай додаларда топ жарған аталмыш 48-ші түлектердің арулары да жарыс жолына шығып, өздерінің оқушылық кездерін еске алды. Өздерінің артынан ерген жас волейболшы сіңлілеріне сәтті қадам тілеп, жеңімпаз-жүлдегер болған командаларды диплом, медаль, ақшалай сыйлықпен марапаттады. Бұл тілекті білікті бапкер, ұлағатты ұстаз Бегалы Байдәулетов те қуана қостап, жарыстың ашылу салтанатында ізгі ниетке толы естеліктерден сыр шертті. Волейбол туралы сөз қозғағанда, 48-ші түлектер арасында бүгінде елімізге танымал волейболшы Ернар Мәтеуовтей ағасының ізгі жолын жалғаған Әділет Мәтеуовтей сайыпқыранды мақтаныш тұтсақ артық болмас.
Ол да волейбол спортында жасындай жарқылдап, талай аудандық, облыстық сайыстарда «Сағыз» құрама командасының жеңімпаз-жүлдегері болуына зор үлесін қосқандығын айта кеткен жөн. Бұдан әрі туған ауыл, білім алған алтын ұяларына сағынышпен жеткен түлектер өмірден ерте кеткен аяулы достары Арман Мекеевті еске алуға арналған футзалдан облыстық сайыс ұйымдастарды. Оған көрші Ақтөбе, Атырау облыстарының аудандарынан барлығы сегіз команда қатысып, бақ сынады. Сайыстың ашылуында салтанатында Сағыз ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Сандуғаш Байдуллина құттықтау сөз сөйлесе, Арманның анасы Жібек баласын ұмытпай еске алып осы бір дүбірлі доданы ұйымдастырушы достарына алғысын білдірді. Арманның інісі Наурыз жарысты ұйымдастырушы ағаларына ризашылығын жеткізіп, арнайы сыйлығын табыс етсе, Арманның рулас аға-інілері, сайыпқыран спортшы, «Саламат рухы» командасының демеушісі Алмас Болатов бастаған Мамыр ата ұрпақтары Арманның отбасына елу мың теңге ақшалай сыйлықты сыйға тартты. Сөйтіп, тартысты өткен доп додасында бірінші орынды «Арман Сағыз» командасы, екінші орынды «Мақат» командасы, үшінші орынды «Құлсары» командасы иеленді. Бұдан әрі түлектердің шақыртуымен арнайы келген танымал өнер жұлдыздары «Меломен» тобы мен Нұрболат Қанай Сағыз ауылының орталық алаңында тамылжыта ән салып, ауыл тұрғындарын бір серпілтіп тастады.
Сол шарада әзіл әлемінде өзіндік орны бар «Сағыз КВН» командасының негізін қалаушы Ернар Сакуповтың тамаша өнері, әнші Самат Қилыбаев, Талант Сатыбалдиев, Айгүл Нұрғожина, Венера Ревковалардың ән шашулары гала концерттің жоғары деңгейде өтуіне септігін тигізді. Осылайша, №9 орта мектебінің 48-ші түлектері жиырма жылдық жарқын жүздесуде өрісті өнегеге толы игі істерімен көрініп, қызықты сәттерін еске алып, көтерңікі көңіл күймен жан-жаққа тарқасты.
Бауыржан АМАНҰЛЫ