Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАРҒА ТАҒЗЫМ

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу  күніне  және ақын, жыршы, әнші, атбегі, саяси қуғын-сүргін құрбаны Зәкария Сағындықұлының туғанына 130 жыл толуына орай Сағыз ауылдық округіне қарасты Былқылдақты елді мекенінде арнайы шара ұйымдастырылды.  

Оған Алматы, Атырау, Ақтөбе, Құлсары қалаларынан ғалым, журналистер, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары, аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали мен  Сағыз ауылдық округінің әкімі Өтепберген Әділов  қатысты. 
Алдымен кәсіпкер Мұрат Көптілеуов салған Зәкария Сағындықұлы атындағы саябақтың ішіндегі ескерткіштің алдында саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына құран бағышталса, одан соң С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің президенті, философия ғылымдарының докторы, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Бекежан Ахан мен саясаттанушы, журналист,  Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Әбілхан Төлеуішов Сағыз өңірінен саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғаларға тоқталып,  ақын, жыршы, әнші, атбегі Зәкария Сағындықұлының қилы тағдыры туралы тағылымды әңгімелерін ортаға салды. Ал,  саяси қуғын-сүргін құрбандары әркез жадымызда жаңғырып, санамыздан өшпейтіндігін тілге тиек еткен аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали, Сағыз ауылдық округінің әкімі Өтепберген Әділов, Алматы қаласынан арнайы келген журналист Кенжебек Сейтмұхаммедовтер тарихи тұлғалардың өрісті өнегесін жас ұрпаққа ұлағат етіп, еселі еңбек сіңіріп жүрген кәсіпкер Мұрат Көптілеуовтың игі ісіне ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, шарада дәстүрлі әнші Ғибадат Тұрғали саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тарихи тұлғаларға арналған әндерді тамылжыта орындап берсе, ақын Зәкария Сағындықұлының ұрпақтары ағаш үй тігіп, ас беріп, бал тамған бұлақтың суынан дәм татқызды. 

Сатыбалды САҒЫМПАЗОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT