Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

АУДАН ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ ДҮБІРЛІ ДОДА

Миялы ауылының атшабарында әлеуметтік тапсырыс шеңберінде Алаш қайраткері, дәрігер, ғалым, Халел Досмұхамедовтың туғанына 140, зар заман ақын Мұрат Мөңкеұлының туғанына 180, дауылпаз  ақын Махамбет Өтемісұлының туғанына 220 жылдығына арналған аймақтық ат бәйгесі өтті.

 Аудан әкімдігінің қолдауымен, «Атырау Бәйге» федерациясының ұйымдастыруымен  өткен доданың  ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.  
    Дүбірлі додаға ауданымыздан басқа Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарынан жүйріктер келіп қатысты. 
Алдымен  аламан бәйге басталды. «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» демекші, тұяғымен жер тарпыған тұлпарлар жеті айналым 24 шақырымды құрайтын аламан бәйгеде анықталып, 13 тұлпардың бапкері, шабандозы, бұған дейінгі жарыстарда алған жүлделері жұртшылыққа таныстырылып, жарыс жолына шықты. Нәтижесінде, миялылық Қайырбек Баймұратовтың «Бақкүрең» атты жүйрігі мәре сызығын бірінші болып қиып, бас жүлдеге тігілген бір миллион теңгені қанжығасына байласа,  алты айналымда топ бастап келген  мұқырлық Еркін Бозаұлының «Сомбалақ» атты төрт жасар байталы екінші (жүлдесі – 600 мың теңге) орынға ие болды.  Үшінші  (400 мың теңге) орынды қарабаулық Манарбек Тұрлыбаевтың «Назқоңыры» еншіледі.  Сөйтіп, жерлестеріміз баптаған тұлпарлар шашасына шаң жұқтырмай, аламан бәйгенің барлық жүлдесін иеленді. Бұл өз кезегінде ауданда ұлттық спорт жанашырларының ат спортына ден қойғандығын байқатады. Олардың ішінде көрші облыстарда өткен байрақты бәсекелерде топ жарып жүргендері де бар. Атап айтқанда, мұқырлық атбегі Аян Тайжановтың жүйрігі  Маңғыстау өңірінде өткен ат бәйгесінде бірінші келіп, байраққа тігілген боталы түйені жеңіп алса, Еркін Бозаұлының «Сомбалағы» аталмыш бәйгеде екінші орынға қол жеткізді. Он бес шақырымдық топ бәйгесіне  ауыздықтарымен алысқан 10 арғымақ қатысты. Бес айналымдық жарыста мәре сызығын бірінші болып қиған «Томирис» атты жүйріктің иесі Ғалымжан Суликанов (Ақтөбе обл. Қобда ауд.) 800 мың теңгені иеленсе, батысқазақстандық Әліби Боранбаевтың «Ботагөзі» (500 мың теңге) екінші орынды, жылыойлық атбегі Бағытқали Жиенқұловтың үкілеп қосқан «Айшах» атты жүйрігі үшінші (300 мың теңге) орынды иемденді.  
    Бұдан кейін ат жарыс құнан бәйгесіне ұласты. Тоғыз шақырымдық бұл жарыста 23 жүйрік бақтарын сынады. Онда Ақтөбе облысы Алға ауданының жүйрігі «Жүлдегер» (ат иесі және бапкері – Қайсар Сырлыбай) бірінші келіп, байраққа тігілген 700 мың теңгеге ие болса, мәре сызығын «Жүлдегермен» құйрық тістесе кескен Батыс Қазақстан облысы Казталовка ауданынан келген Елнұр Хамзиннің «Ақбастау» атты тұлпары екінші (400 мың теңге) орынды еншілеп,  ақтөбелік  Райымбек Қамаштың «Бозторғайы»  мәреге үшінші (300 мың теңге) болып келді.
    Ал, Қазақстанда туылған қолтума тай жарысына 24 тай қатысып, алты шақырымға шапты. Бұл жарыста тағы да ақтөбеліктердің бағы жанып, қобдалық Ғалымжан Суликановтың «Ясмина» атты тайы бірінші келді. Бәйге жүлдесі 600 мың теңге. Екініші және үшінші орындарды Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданынан келген Сырым Санатовтың «Самолет» атты тайы (400 мың) мен Құбайдолла Биғазиевтің «Мадам» атты тайы өзара бөлісті. Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерді ұйымдастырушылар арнайы медальмен және кубокпен марапаттап, қаржылай сыйлықтың сертификатын табыс етті. 

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ
    

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT