Тасын түртсе тарихы сөйлейтін, талай сырларды ішіне бүккен қасиетті Қызылқоға өңірінде әлі де болса ашылмаған талай құпия мен құнды жәдігерлер жатқаны сөзсіз. Оған облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған археологиялық қазбалар нәтижесі дәлел. Себебі, археологтар тамыз айынан бастап Қарабау ауылынан 8 шақырым жердегі «Қарақұдық» деген жерге қазба жұмыстарын жүргізіп, құнды жәдігерлер табуда.
Ендеше, оны бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңірек таныстырса керемет емес пе?! Соған сай, өткен аптаның жұмасында аталмыш тарихи орынға арнайы пресс-тур ұйымдастырылды. Бұл сапардан біз де қалыс қалмай арнайы орынға ат басын бұрдық.
Тарихи орынға барған сәтімізде археологиялық қазба жұмыстары қызу жүріп жатқанына көз жеткіздік. Ол жерде облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғылыми қызметкерлері, студенттер және жергілікті тұрғындар қырық күннен бері жұмыс жасауда.
Соңғы аптада табылған ең құнды жәдігер – ежелгі темір дәуіріне жататын жауынгер әйелдің мүрдесі. Бір ғажабы, әлгі мүрденің құлағындағы екі сырғасы, білегіндегі екі білезігі, саусақтарындағы үш сақинасы түгелдей таза алтын болса, мойнындағы алқасы күмістен соғылған. Одан бөлек мүрденің жауынгер әйел болғандығын дәлелдейтін жебенің ұштары мен ат әбзелі де бірге жерленген. Сондай-ақ, «Қарақұдық-2» деген жерден табылған екінші мүрде де келушілерді таңқалдырды. Себебі, бұл мүрде екі аяғын бауырына бүгіп, басын бұғып жерленген. Археологтар мұны адамның ана құрсағындағы бейнесі есебінде жерленгендігін, бұл да ежелгі темір дәуіріне жататындығын алға тартып отыр. Сонымен қатар, тарихшылар қабірдің ішінен сол дәуірге жататын құрбан тасының табылуына қарап оны өз заманының бақсы немесе діни қызметкері болған деседі. Тарихи орыннан табылған үшінші қабір жауынгер ер адамға тиесілі болып шықты. Оған дәлел – мүрдемен бірге жерленген найза, қылыш, қанжар, қайрақ, жебенің ұштары және ер тоқымның тіреуші. Оның да жасы алдыңғы екі мүрдемен сәйкес келеді.
– Біз осы Қарақұдық деген жерді қаза бастағанда алғашқы күндері ісіміз нәтижесіз болды. Қазған қорымдарымыз көбі тоналып қалған болып шықты. Соған қарамастан жұмысты жалғастыра бердік. Ақыры бір ай дегенде аталмыш үш қабірді қазып, көне жәдігерлерге кезіктік. Бұлардың бәрінің беті қамыс қоғамен жабылып жерленген. Зерттей келе бұлар біздің заманымызға дейінгі V ғасырда өмір сүрген деген тоқтамға келдік. Себебі, қабірдің ішінен сол дәуірге тиесілі темір бұйымдар мен алтын табылып отыр. Ол темір бұйымдар даламызға сауда-саттық керуендері арқылы келуі мүмкін. Енді табылған мүрделерді зерттеу үшін Алматы қаласындағы антропологиялық институтқа жібереміз. Сол жерде олардың нақты жасы, кім болғандығы толықтай анықталады. Жалпы Атырау облысында 1700-ге жуық тарихи-мәдени орындар болса, оның жеті жүзі осы Қарабау ауылының маңында. Сондықтан бұл аймақ әлі де болса зерттеледі, - дейді археолог, облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері Ғаламат Базарбаев.
Қарабаудағы қазба жұмыстарына тек археологтар мен студенттер ғана емес ауыл тұрғындары да ат салысуда. Бүгінде қарбаулық 14 тұрғын қазу, құм тасу, тазалау жұмыстарына кірісіп кеткен. Бұл еңбектері үшін оларға айына 200 мың теңге көлемінде жалақы беріледі. Қазба жұмыстарының басы-қасында жүрген археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Хасеновтың айтуынша олар мұнымен шектеліп қалмайды. Келесі жылы Қарабау қорымын қазу жоспарлануда. Себебі, ол жерде сарматтарға тиесілі «Күн ғибадатханасы» бар. Бүгінде спутниктік карта арқылы дөңгелек пішіндес күн мен жанындағы күннің шашақтары тәрізді үлкен жер анықталып отыр. Сол жерге қазба жұмыстары жүргізілгенде одан да құнды дүниелер шығып, тарихтың жаңа парағы да ашылып қалуы бек мүмкін. Ендеше, дала кезіп, көне тарих пен бүгінгі заманды байланыстырып жүрген археологтардың жұмысына тек сәттілік тілейміз.
Дулат ҒҰБАЙДОЛЛА