Ауылдық округ әкімдерінің есеп беру жиыны күні түстен кейін Миялы ауылдық округінде аяқталды.
«Арман» мәдениет үйінде өткен жиында округ әкімі Сәндібек Салықов бір жылдық жұмысын қорытындылап, баяндама жасады. Өткен жылы есеп беру жиыны барысында ауыл тұрғынынан аудан орталығынан тұрғын үй салу туралы түскен ұсыныс бойынша Миялы ауылынан жаңадан салынған 20 пәтер көп балалы отбасыларға кезектілік тәртібімен берілсе, 3 қатарлы 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысына жасақталған жобалау-сметалық құжаттамаға сараптаманың оң қорытындысы алынып, облыстық құрылыс басқармасына биылғы жылға құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін қажетті қаржыға бюджеттік өтінім жолданды. Баяндамадан кейін ауыл тұрғындары ұсыныс-пікірлерін айтып, сауалдарын жолдады.
Мәселен, ауданның Құрметті азаматы Хамидолла Әбдірахманов, зейнеткер ұстаз Бағыт Нығметова, ауыл тұрғындары Жүсіп Әбдіғалиев, Нұрберген Есқожалар пайдаланып отырған жерасты суы биыл ауыл халқын қамтамасыз ете ме, болашақта салынатын 3 қатарлы 60 пәтерлі тұрғын үйдің жөндеу, қызмет көрсету жұмыстарын кім жүргізеді деген сауалдармен бірге Е.Нұршаев атындағы ықшам ауданға автокөлік жолы төселсе, қыс ортасында жем-шөптің қымбатқа сатылуын ауыздықтау керектігі туралы ұсыныстарын жеткізді.
Олардың ұсыныстары мен сауалдарын мұқият тыңдаған аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев:
– Бүгінгі таңда күн тәртібінде тұрған ауыз су мәселесін шешу мақсатында жасақталған «Тайсойған-Миялы» магистралды су құбырының жобасының құрылысына жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Жоба аяқталғанша ауыз су тапшылығы болады. Миялы ауылындағы 28 көшеге (22 км) қатқыл табанды жол салу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, қазіргі уақытта сараптамадан өткізу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Ал, көп қабатты тұрғын үйлерді жөндеу, қызмет көрсету жұмыстары тұрғындардың өзара жәй серіктестік немесе мүлік иелерінің бірлестігін құру арқылы жүзеге асады. Биыл қыстың жылдағыдан ерте түсуіне орай бүгінгі күні тұрғындар тарапынан шөпке деген сұраныстар түсуде. Бұл ретте, олардың тізімдері алынып, қолжетімді бағада шөппен қамтамасыз ету жұмыстары ұйымдастырылуда, - деп жауап берді.
Жиын соңында қаулы жобасы алынып, айтылған ұсыныс-пікірлерді жинақтап іс-шара жасақтау округ әкімі аппаратына міндеттелді.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ