Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Тайсойғанға жол керек

Дүйсенбі күні ертеңгілік Ғ.Сланов атындағы орта мектептің акт залында өткен есеп беру жиынында Тайсойған ауылдық округі әкімі Мәлік Қуанышев бір жыл ішінде жасаған жұмысын көпшіліктің назарына ұсынды.

Оның айтуынша, есепті мерзім ішінде округ бойынша бюджеттік салық түсімдері 115 пайызға орындалып, 2019 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара 50 басқа, қой-ешкі 207 басқа, жылқы 23 басқа, түйе 5 басқа көбейді. Өткен есеп беру жиынында ауыл тұрғыны Түзгенбай Өрбісіновтен Тайсойған ауылынан 50 орындық балабақша құрылысын салу туралы ұсыныс түскен. Бұл ретте, балабақшаның құрылысына жобалық-сметалық құжаттар дайындау үшін 4824,0 мың теңге бөлініп, бүгінгі таңда жобалау жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылы ауылды көгалдандыру, ағаш отырғызу жұмыстарынан басқа кіші аяқдоп алаңына газон төсеу, балалар ойын алаңдарын қоршау, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау жұмыстары ұйымдастырылмақ. Баяндамадан соң ауыл тұрғыны Бағытжан Берікқалиев округ орталығына дейін және ауылішілік қатқыл табанды, жаяу жүргіншілер жолын салу туралы ұсынысын жеткізіп, жерасты суының азайып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.

Бұдан кейін аудан бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы қысқаша баяндаған аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев:

– «Nur Otan» партиясы сайлауалды бағдарламасына сәйкес Тайсойған ауылына қатқыл табанды жол 2024-2025 жылдары басталады. Биылғы жылы жобалық-сметалық құжаттарды жасақтауға қаржы сұратылуда. Бұл жобамен басталғанда ауылішілік автокөлік жолы да бірге жүргізіледі. Ал, жаяу жүргіншілер жолын салу туралы ұсынысыңыз бойынша, округ әкімі жобасын дайындаса, аудандық бюджеттен қаржы бөлінеді. Бүгінгі күні ғылыми зерттеулердің нәтижесінде Тайсойған жерасты суы қоры мол екені анықталды. Алайда, болашақта Ақтөбе облысындағы «Көкжиде» су қорынан қосымша ауыз су құбырын тарту мақсатында ол жердегі су қоры зерттелуде. Мамандардың болжауынша, «Көкжиде» су қоры бір емес бірнеше облысты ауыз сумен қамтуға мүмкіндігі бар, - деп есеп беру жиынын аяқтады.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521